Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов «Еуразия» индустриалды-инновациялық паркі жобасы аясында қытайлық инвесторларды қабылдады. Кездесуде Басқарма төрағасы – ректор «Еуразия» жеке аймағының бас директоры Чень Е мырзамен екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуде Атырау облысында 66 мың гектар тұзданған жерді қалпына келтіру негізінде жасыл биомасса энергетикасы мен натрий-ионды аккумулятор өндірісін дамытуға бағытталған «Еуразия» индустриалды-инновациялық паркі халықаралық инвестициялық жобасы таныстырылды. Жобаны қытайлық инвесторлар қазақстандық серіктестермен бірлесіп жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Жоба аясында өңірде шамамен 6 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Осыған байланысты тараптар болашақ өндірістер үшін білікті кадрлар даярлау, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасау, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ғылыми-зерттеу бағытындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Басқосуда Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов университеттің ірі инвестициялық жобалармен ғылым және білім беру бағыттарында ықпалдасуға мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу зертханаларын құру, заманауи технологияларды университеттің ғылыми әлеуетімен ұштастыру және өндірістің нақты сұраныстарына сәйкес мамандар даярлау жөніндегі ұсыныстарын білдірді.
Кездесу барысында тараптар болашақта бірлескен ғылыми-зерттеу орталығын ашу мүмкіндігін және екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселесін қарастырды. Бұл бастамалар білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, жаңа технологияларды игеруге және өңірдің индустриалды-инновациялық дамуына қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Жиынға Атырау университетінің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Бахыт Алтынбасов, PhD докторы Рахметолла Закарья және халықаралық бөлім, ғылым департментінің мамандары қатысты. Олар инвесторларға Атырау университетінің халықаралық байланыстары туралы ақпарат беріп, ғылыми зертханаларда жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларды таныстырды.
Бұл кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы білім, ғылым және инвестиция салаларындағы байланысты кеңейтіп, Атырау облысында жасыл энергетика мен индустриалды-инновациялық жобаларды дамыту бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Х. Досмұхамедұлы атындағы
Атырау университетінің баспасөз қызметі