Медиа ресурстар
Атырау университетінде «Заң және тәртіп – қауіпсіз болашақ» форумы өтті
Жаңалықтар

Атырау университетінде «Заң және тәртіп – қауіпсіз болашақ» форумы өтті

Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіз қоғам қалыптастыру мақсатында Х.Досмұхаммедов атындағы Атырау университеті базасында «Заң және тәртіп – қауіпсіз болашақ» атты ауқымды форум өтті. Шара университеттің «Жайық» спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған 2000-нан астам студент пен қоғам белсенділері қатысты.
Форумды Атырау облысы полиция департаменті, Жастар ресурстық орталығы және Х.Досмұхаммедов атындағы Атырау университеті бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара барысында интернет-алаяқтықтың алдын алу, есірткіге қарсы күрес, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы және жол қауіпсіздігі мәселелері кеңінен талқыланды. Сала мамандары мен арнайы қонақтар өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасып, студент жастармен ашық диалог алаңын құрды.

Форум аясында университеттің басқарма төрағасы-ректор Салмат Нұрмұханұлы білім ордасында заң мен тәртіп қағидатын нығайту бағытындағы жұмыстарға пікір білдірді. Оның айтуынша, университет үшін қауіпсіз әрі әділетті орта қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру, ашықтық пен әділдік қағидаттарын сақтау, академиялық адалдықты нығайту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.
– Бүгінде университет қабырғасында студенттердің еркін білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Заң мен тәртіп қағидаты – тек құқықтық талап қана емес, ол қоғамдағы сенім мен жауапкершіліктің негізі. Сондықтан жастардың құқықтық сауатын арттыру және олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру маңызды бағыттардың бірі, – деді ректор.

Форумда өңірдің  белсенді жастар Атырау облысы полиция департаменті тарапынан арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар шара интерактивті форматта өтіп, қатысушылар QR-код арқылы тест сұрақтарына жауап беріп, арнайы сыйлықтар ұтып алу мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетейік, жыл басынан бері университет қабырғасында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында қоғам белсенділері, заңгерлер және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен 50-ден астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Аталған бастамалар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамдық жауапкершілікті арттыруға және қауіпсіз білім беру ортасын нығайтуға бағытталған.