“ATYRAU AI FORUM 2026”: Жасанды интеллект пен цифрлық мүмкіндіктер алаңы
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде “ATYRAU AI FORUM 2026” форумы өтті. Ауқымды іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген сала мамандары, IT сарапшылар, бизнес-тренерлер және қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың даму бағыты бойынша тәжірибе алмасты.
Форумның негізгі мақсаты – жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа мүмкіндіктерді талқылау, цифрлық құзыреттерді дамыту және өңірлік стартап экожүйесін күшейту.
Іс-шара барысында алғашқы спикер ретінде Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Идрисов Саламат Нұрмұханұлы “Цифрлық Қазақстан және жасанды интеллект: кадр даярлау мен зерттеудің жаңа парадигмасы” тақырыбында сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы – елдің технологиялық дамуындағы маңызды бетбұрыс екенін атап өтті. Сонымен қатар университеттің AI-Sana бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, 1000 студенттің Coursera платформасында білім алып жатқанын және жасанды интеллект курсының барлық білім беру бағдарламаларына енгізілгенін жеткізді.
Форум барысында өзге де жетекші мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Бибігүл Қакимжанқызы “Жасанды интеллектті тиімді пайдалану және табыс табу жолдары” тақырыбында AI құралдарын бизнес пен жеке дамуда қолданудың жолдарын түсіндірді.
Зәмзәгүл Хиданқызы “Технология арқылы әлемді өзгертудегі әйелдердің іскерлігі” тақырыбында әйелдердің цифрлық ортадағы рөлі мен көшбасшылық мүмкіндіктерін атап өтті.
Надира Батырбаева “AI-креатив арқылы табыс табу формуласы” тақырыбында жасанды интеллект пен креатив индустрияны ұштастырып, жаңа табыс көздерін қалыптастыру жолдарын ұсынды. Ал Равиль Каржауов Atyrau Hub платформасының өңірдегі стартаптарды дамытудағы мүмкіндіктері туралы айтып, жас кәсіпкерлерге арналған қолдау тетіктерін таныстырды.
Сондай-ақ Әлия Оразымбетова әйелдер мен жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер, цифрлық қауіпсіздік және инновациялық жобалардың маңызы туралы мазмұнды баяндама жасады.
Форум барысында AQYL TECH және IT AIEL жобалары да таныстырылды. Бұл бастамалар цифрлық білім беруді дамытуға, жастар мен әйелдерді IT саласына тартуға және жасанды интеллект пен технологиялық дағдыларды меңгеруге бағытталған маңызды жобалар ретінде атап өтілді.
“ATYRAU AI FORUM 2026” форумы қатысушыларға жаңа идеялар мен серпін беріп, жасанды интеллект саласындағы білім мен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды.
📷 Дополнительные изображения