Халқымыздың өткен тарихында ерекше орын алатын құмаршықтың мән-маңызын кеңінен насихаттауға бағытталған «Құмаршық – өмір нәрі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның басты мақсаты – құмаршықтың тарихи, әлеуметтік, тағамдық әрі танымдық қырларын жан-жақты талқылай отырып, оның халық өміріндегі орнын айқындау, сондай-ақ ашаршылық жылдарында елді аман сақтап қалудағы рөлін кейінгі ұрпаққа жеткізу болды.
Дөңгелек үстел барысында құмаршықтың қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі маңызы, табиғи ортада таралу ерекшеліктері және тағамдық құндылығы кеңінен сөз етілді. Әсіресе, нәубет жылдарында халыққа қорек болып, талай жанның өмірін сақтап қалған қасиеті ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, құмаршықтың ұлттық жадтағы рухани-мәдени сипаты, оның әдебиет пен публицистикадағы көрінісі, архивтік деректер негізіндегі ғылыми тұжырымдар да талқыланды.
Іс-шараны ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Құспанғалиева Хансұлу Құспанғалиқызы кіріспе сөзбен ашып, тақырыптың өзектілігіне тоқталды.
Жиын барысында журналист, «Құмаршық дәні» композициялық ескерткішінің авторы Тұрсын Жұмабекқызы Қалимова «Құмаршық – тамырын жайған тіршілік» тақырыбында баяндама жасап, құмаршықтың тек азық емес, халықтың өміршеңдігінің символы екенін атап өтті.
Ал Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Құмаршық» кітабының авторы Бектенов Мұрат Бектенұлы «Ашаршылықтан халықты құтқарған Құмаршық» атты баяндамасында тарихи деректерге сүйене отырып, құмаршықтың ел тағдырындағы шешуші рөлін кеңінен баяндады.
Кездесу соңында еркін пікір алаңы ұйымдастырылып, ғалымдар мен қатысушылар құмаршықтың тарихи, әлеуметтік және тағамдық маңызы төңірегінде ой бөлісті. Пікірталас барысында ұлттық құндылықты дәріптеу, оны жастарға таныту және насихаттау жолдары ұсынылды.
Аталған шара – өткен тарихты зерделеп қана қоймай, ұлттық мұраны жаңғыртуға, жас ұрпақтың туған жер тарихына деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды басқосу болды.