
16 сәуір 2025
Цифрлық трансформациядағы бастауыш білім беру мәселесі талқыланды
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының ұйымдастыруымен «Цифрлық трансформация жағдайында бастауыш білім беруді жаңғырту: инновациялық тәсілдер мен болашақ мүмкіндіктер» атты ғылыми-практикалық семинар өтті.
Семинардың мақсаты – цифрлық трансформация жағдайында бастауыш білім беруді жетілдіру, инновациялық оқыту әдістерін талқылау және болашақ мүмкіндіктерді қарастыру. Шараға мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының оқытушы-профессорлары мен магистранттар қатысты.
Сондай-ақ, ғылыми семинарға Атырау университетіне іс-сапармен келген Өзбекстан Республикасы Қоқан мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Зарафшан Каландарова қатысып, «Бастауыш сынып оқушыларының таным қабілеттерін қалыптастыру» тақырыбында жүйелі баяндама жасады.
Шара барысында 1 курс магистранттары Нұржауған Мұратханқызы бастауыш мектепте цифрлық оқыту платформаларын тиімді қолдану жолдарын айтса, Алия Баймұхамбетова цифрлық технологиялардың мұғалімдерге қалай көмектесетінін талдады. Сонымен қатар, Сәнболған Мұратова болашақтағы бастауыш білім берудегі инновациялық мүмкіндіктер жайлы ой бөліссе, Гүлназ Қадылбекова инновациялық әдістерді қолдану мәселелерін көтеріп, Аягүл Буланова цифрлық білім берудің құндылықтары мен этикалық аспектілеріне тоқталды.
Семинарда бастауыш білім берудің қазіргі даму бағыттары, оқыту үдерісін жетілдіру жолдары мен инновациялық тәсілдерді тиімді пайдалану мәселелері кеңінен қарастырылды. Қатысушылар заманауи білім берудегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.