
15 сәуір 2025
ИНФОРМАТИКА МАМАНДЫҒЫ БОЙЫНША ҚОС ДИПЛОМДЫҚ БАҒДАРЛАМА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Информатика» мамандығы бойынша магистратура бағдарламасына түсетін білім алушылар енді Қазақстан мен Еуропа (Польша) елдерінің қос дипломын алу мүмкіндігіне ие болды.
Бағдарламаға сәйкес магистранттар 1-ші және соңғы семестрді – Атырау университетінде, ал 2-ші және 3-ші семестрді – Польшадағы WSB National Louis University-де (Новы Сонч қаласы) білім алады.
WSB National Louis University ректоры Дариуш Возняк Қазақстан студенттерінің академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы жиі келетіндігін атап өтіп, Қазақстан университеттерімен бірлескен жұмыстың екі елдің білім кеңістігін дамытудағы маңыздылығын атап өтті.
Атырау университеті аталмыш оқу орнымен 10 жылдан бері халықаралық серіктестік орнатқан. Осы уақыт аралығында академиялық ұтқырлық аясында бірқатар студенттер білім алмасу бойынша тәжірибеден өткен.
2025 жылдан бастап екіжақты келісім негізінде қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылып, ендігі кезекте «Информатика» мамандығының магистранттары екі елдің дипломын алып шығуға мүмкіндік алады.