Media Image

5 сәуір 2025

Экспедиция жиынында Е.Раушанов атындағы шәкіртақы табысталды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қазақстан жазушылар одағының бастамасымен зерттеуге шыққан «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедицияның жиыны өтті.

Кездесуде елімізге танымал ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, ұлттық этнография мәселелері талқыланды.

Атырау өңіріне келген республикалық экспедицияны Қазақстан жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов бастап, құрамында төрағаның орынбасары, белгілі ақын Қасымхан Бегманов, этнограф ғалым Ахмет Тоқтарбай, қоғам қайраткері, журналист Әміржан Қосанов, «Зейнолла Сәнік» қорының атқарушы директоры, айтыскер ақын Серік Қалиев, қор құрылтайшысы, кәсіпкер Қанат Зейноллаұлы сынды белгілі азаматтар бар зерттеуші топ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттермен кездесу өткізді.

Жиында сөз алған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов: «Республикалық экспедицияның жұмысына сәттілік тілеймін. Атырау өлкесіндегі тарихи-этнографиялық зерттеулерге 85 жылдық тарихы бар Атырау университетінің ғалымдары да атсалысып, жүйелі зерттеулер жасап келеді. Бұл - ұлтымыздың ортақ құндылығы. Сондықтан жазушы-этнограф ғалым Зейнолла Сәніктің 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, жарық көретін экспедиция жинағына атыраулық ғалымдардың да зерттеулері жарық көретініне қуаныштымыз!», - деді. Сондай-ақ, ректор аталған қордың қолдауымен Атырау университеті гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің дәрісханасынан жазушы, этнограф ғалым Зейнолла Сәнік атындағы арнайы аудитория ашылатынын хабарлады.

«Бүгін өте қуаныштымын! Қазақстанның батыс аймағындағы жетекші университеттердің бірі - Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жазушы, этнограф ғалым Зейнолла Сәнік атындағы аудиторияны ашуға мүмкіндік беріп отыр. Оқу ғимаратының Жайық өзеніне қараған жағынан, күн шуағы мол түсетін кең, әрі еңселі аудиторияны Атырау университетінің 85 жылдық мерейтойы қарасаңында күзге дейін заманауи үлгіде жаблықтап береміз деген ниеттеміз. Бұл - тарихқа, ұлттық құндылыққа, этнографияға деген үлкен құрмет! Осы орайда, оқу орнының ректоры Саламат Нұрмұханұлына, университет ұжымындағы ұстаздарға, студенттерге ұрпақтары атынан, қор атынан зор алғысымды айтамын!», - деді жазушының ұлы, кәсіпкер Қанат Зейноллаұлы.

 Биыл жазушы, этнограф ғалым Зейнолла Сәніктің туғанына - 90 жыл. Осыған орай, Қазақстан жазушылар одағы мен З.Сәнік атындағы қоры бірлесіп тағайындаған, көрнекті ақын, жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов атындағы шәкіртақыны Атырау университеті көптілді білім беру факультеті қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығында оқитын 3-курс студенті Ербекет Мағауияға табыстады.

Ғылыми танымдық кездесуде ғалымдар ұлттық құндылық пен этнография төңірегінде сөз сөйлеп, өзара пікір алмасты.

Кездесуде тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамиға Таңатарова республикалық экспедицияның қорытынды жинағына атыраулық этнографтардың да еңбектерін кіргізіп, тың зерттеулерді іріктеп енгізу қажеттігі жайлы ұсыныс-пікірін білдірді.