Media Image

15 наурыз 2025

«Дебат дәстүрі:кеше, бүгін, ертең» тақырыбында кездесу өтті

Іс-шараға университет басшылығы мен профессор-оқытушылар, «SENATOR» пікірсайыс клубы мүшелері, студенттер мен арнайы шақырылған қонақтар «Жастар рухы» Атырау облысы филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы және Нұрасыл Жарбасов, Кенжетай Тайшықов, Алмас Нұрғалиев, Қарылғаш Таласбаева, Арман Азаматов сынды алғашқы түлек пікірсайысшылар қатысты.

Дебат – бұл белгілі бір ережелерге сәйкес өткізілетін арнайы пікірталас нысаны, интеллектуалды ойын. Дебаттар логикалық және сыни ойлауды, коммуникативті мәдениетті және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытады, тәуелсіз шешім қабылдауға және қоғамның болашақ көшбасшысы ретінде жеке тұлғаның қалыптасуына ықпал етеді.

«Дебат деген күрделі де, қызықты ойынның университет қабырғасында сара жолын салып кеткен үздік түлектерімізбен болып жатқан келелі кездесу барша қатысушыларға, әсіресе жас буынға оң ықпалын тигізері сөзсіз. Айта кетерлігі, университетіміздің студенттері «Хабар» арнасы ұсынған бірегей жоба «Азамат» интеллектуалды пікірсайыс бағдарламасының телевизиялық түсіріліме жолдама алып, қатысып жатыр. Бұл да бір үлкен жетістік деп білемін», - деді университет ректоры Саламат Идрисов алғы сөзінде.

Сонымен қатар ректор үздік жетістіктерге жетіп, биіктен көрініп жүрген пікірсайысшы студенттерге, атап айтсақ, Бақдаулет Өнертаевке 2024-2025 оқу жылына грант берсе, Аружан Ренатқызына қаржылай сыйақы табыстады.

«Осы оқу орнының 2003 жылғы түлегімін. Сол кездегі университет басшылығының, жетекшіміз болған Сания Қожантайқызының үлкен қолдауының арқасында іргелі жетістіктерге жете алдық. Республикалық деңгейдегі сайыстарда үздік деп танылып, 2001 жылы Алматыда өткен додада 2-орын иеленгенім әлі есімде. Дебат – жақсы сезімдер мен үздік қабілеттерді қалыптастыратын орта. Осындай кең мүмкіндіктер сыйлаған қара шаңырағым Атырау университетіне деген шексіз сүйіспеншілігімді жеткізгім келеді», - дей келе, бұрынғы дебатер, кәсіпкер Нұрасыл Жарбасов үздік пікірсайысшы студенттерге өз атынан сый табыстады.

Кездесу соңында қатысушылар аға буын дебатерлерге толғандырған сұрақтарын қойып, ашық пікірталас өрбіді.