Media Image

26 ақпан 2025

Мектепке дейінгі білім берудің өзекті мәселелері

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің ІІ Республикалық слеті өтті.

Мектепке дейінгі білім берудің өзекті мәселелерін талқылау және инновациялық дамуын қамтамасыз ету, жаңа білім беру әдістемелерін енгізу, сондай-ақ педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған слетке Қазақстан Республикасы Оқу–ағарту министрлігі Балаларды ерте дамыту институтының, жоғары оқу орындарының, білім басқармалары өкілдері мен мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтары қатысты. «Бүгінгі бас қосу білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Мектепке дейінгі білім беру мен тәрбие баланың берік іргетасын қалайтын негізгі кезең. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген педагогтардың кәсіби шеберлігі ұрпақ тәрбиесіндегі басты факторлардың бірі», - деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов. 
Ал, конференцияда ҚР Оқу–ағарту министрлігінің Балаларды ерте дамыту институты директоры Мария Ерманова, Атырау облысы білім беру басқармасы әдістемелік орталығының инклюзивті және арнайы білім беру бөлімінің басшысы Гүлжанар Кубиева, «Сенім» элитарлық мектеп-балабақша кешенінің директоры Гүлмира Мұқанова, №43 «Арман» бөбекжай-бақшасының директоры Гүлбаршын Қарабасова, Атырау қаласы NNEF қоғамдық қорының филиалы «Мирас» бөбекжай-бақшасының әдіскері Тойған Жарбосынова және конференцияға онлайн қосылған А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының профессоры Елена Ли, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Ақгүл Жұбандықова, ECERS Qazaqstan қауымдастығының президенті, мектепке дейінгі білім беру сапасы бойынша халықаралық сарапшы Гаухар Киикова сынды кәсіби мамандар баяндамалар жасады.  
Мектепке дейінгі білім беруді дамытудың басым бағыттары туралы Балаларды ерте дамыту институты директоры Мария Ерманова: «Біріншіден, отбасында, мектепке дейінгі ұйымда бала өмірінің қауіпсіздігін қамтасыз ету және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қолжетімділікті кеңейту арқылы ерте жастан бастап балаларға тең бастапқы мүмкіндіктер беру ең басты бағыттардың бірі. Сонымен қатар, тәрбиелеу-білім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыру арқылы мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту да басым бағыттарға жатады», - деді. Сонымен қатар,  спикер қазақ тілінде білім алушылардың өз ойларын еркін, ауызша және жазбаша жеткізе алуын қамтамасыз ететін «Тілге бойлау» жобасы жұмыс жасап жатқандығын атап өтті. 
Слет барысында отандық сарапшылар мен тәжірибелі мамандар мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру сапасын жақсартудың заманауи әдістерін, инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізу тәжірибесін, инклюзивті білім беруді дамыту жолдарын және жасанды интеллекттің кәсіби даму мүмкіндіктерін талқылады. «2024 жылы маусым айында Ақтөбе қаласындағы «Рауан» балабақшасы ECERS бойынша минималды сапасынан артық балл алды. Ал 2025 жылдың қаңтар айында «Академия детства» балабақшасы Қазақстанда алғашқы рет ECERS бойынша 5.1 балға жетті», - дейді «Орта Азиядағы балабақшаларда ECERS-ті қолдану» баяндамасында ECERS Qazaqstan қауымдастығының Президенті Гаухар Киикова.
Шарада слетке қатысқан спикерлерге Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов атынан алғыс хаттар табыс етілді. 
Жиын соңында қатысушылар слет жұмысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, мектепке дейінгі білім беру саласын дамытуға бағыттылған пікірлер мен ұсыныстарын білдірді.