
25 ақпан 2025
«Масленица» - дәстүр мен достықтың тоғысуы
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Масленица» мерекесі аталып өтті.
Мерекелік шараға Атырау қалалық «Былина» этномәдени бірлестігі мүшелері, Атырау қалалық №34 мектеп-гимназия оқушылары, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі студенттері, Атырау университетінің профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты.
«Масленица» мерекесі – қысты шығарып салу мен көктемді қарсы алуға арналған мереке. Бұл мереке - тек орыс халқының емес, тұтас Қазақстан халқының бірлігін айқындайтын мейрам.
Орыс филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен өткен шараның негізгі мақсаты – студенттерді орыс халқының дәстүрлері мен мерекелерімен таныстыру, коммуникативтік дағдыларын дамыту, университет пен өзге оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту.
Көптілді білім беру факультетінің деканы Меруерт Аманғазиева мерекелік шараға қатысушыларды «Масленица» мерекесімен құттықтап, шараны ашып берді.
Дәстүрлі атрибуттармен безендірілген орында «Масленицамен кездесу» атты театрландырылған қойылым көрсетіліп, студенттер орыс халқының ұлттық биін биледі. Атырау қаласындағы «Былина» этномәдени бірлестігінің мүшелері орыс халқының әндері мен билерін нақышына келтіре орындап, ұлттық дәстүрлерін насихаттаса, Атырау қалалық №34 мектеп-гимназия оқушылары «Калинка» биін билеп, қосыла ән шырқады.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – әртүрлі мамандықта оқитын студенттердің музыкалық нөмірлері және қызықты ойындардың ұйымдастырылуы болды. Көрермендер «Синяя вечность», «Песенка о медведях» әндерін тыңдап, Атырау университеті студенті Данагүл Жұмалиеваның виолончельмен сүйемелдеген «Крылатые качели» әуеніне тәнті болды. Ал «Музыкалық білім» мамандығының студенттері ретро, попурри, мюзикл элементтері тоғысқан ерекше музыкалық композиция орындап, кештің көркін қыздырды.
Шарада Орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі Узима Джумагалиева «Былина» этномәдени бірлестігінің мүшелеріне, №34 мектеп-гимназия оқушыларына, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі студенттеріне алғыс хаттар табыс етті.
Іс-шара соңында қатысушылар мерекенің негізгі символы - дәмді құймақтан дәм татып, естелік суретке түсті.