
19 ақпан 2025
«Ұлы Отан соғысы: ерлік пен қаһармандық жолы» халықаралық конференциясы өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Ратушаға алғаш Жеңіс туын тіккен соғыс батыры Кенжебай Мәденовтың 100 жылдығына арналған «Ұлы Отан соғысы: ерлік пен қаһармандық жолы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Ұлы Жеңістің тарихи маңыздылығы, Кенжебай Мәденовтың ерлігі мен өскелең ұрпаққа үлгі болатын қаһармандық жолын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған конференцияға Қазақстандық және шетелдік ғалымдар, тарихшылар, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен майдангер-батыр Кенжебай Мәденовтың 100 жылдығымен құттықтап, конференцияны ашып берсе, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы Мұрат Өтешов, Пермь мемлекеттік мұрағатының директоры, профессор Сергей Неганов (Пермь қаласы, Ресей) құттықтау сөздерін сөйледі.
Халықаралық жиында Кенжебай Мәденовтың өмірі мен ерлігі ерекше назарға алынып, оның Жеңіс туын тігу сәті - майдан тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі ретінде айтылды. Қатысушылар батырдың ерлігі арқылы бүгінгі және болашақ ұрпаққа патриотизмнің, елге қызмет етудің маңыздылығын атап өтті.
Х.Б.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарих, археология және этнология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Аққали Ахмет, «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының ардагерлері» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы, «ҚР ҰҚК ОА» РҚБ-і Орталық кеңесінің мүшесі, отставкадағы полковник Роман Мақсотов, психология және педагогика кафедрасының профессоры Шолпан Джанзакова, Чирчик мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Насриддин Назаров (Ташкент қ., Өзбекстан Республикасы), Ресей мемлекеттік білім академиясының Қалмақ мемлекеттік университеті Б.Б.Городовиков атындағы ғылыми орталығының директоры Аркадий Панькин (Элиста қ., Ресей), «Еуропа-Азия» ММА жанындағы өлкетану институтының директоры Альберт Бурханов (Татарстан, Ресей) сынды ғалымдар мазмұнды баяндама жасады.
«Ұлы нәрселер уақыт өте келе айқындала түседі. Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіне 80 жыл толған уақытта Кенжебай Маденовтың «Халық Қаһарманы» және Ресей Батыры атағына лайық екенін сенімді түрде айтуға болады. Ол - бұл атақтарға тек жауынгер ретінде, өзінің ерлікке толы әскери қызметі үшін ғана емес, соғыстан кейінгі өнегелі өмірі, ұрпақтарына берген жақсы тәрбиесі, отансүйгіш, әрі елге адал азаматтарды өсіргені үшін де лайық. Оның өмір жолы – болашақ ұрпақты тәрбиелеуде, патриот азаматтарды қалыптастыруда үлгі боларлық өнеге», - дейді Ресей мемлекеттік білім академиясының Қалмақ мемлекеттік университеті Б.Б.Городовиков атындағы ғылыми орталығының директоры Аркадий Панькин.
Конференцияда Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы Мұрат Өтешов пен батыр Кенжебай Мәденовтың ұлы Махамбет Мәденов «Ратушаға ту тіккен қазақ батыры» кітабының лентасын кесті.
«Конференция отырысында Ұлы Отан соғысының тарихы, Қазақстанның Ұлы жеңіске қосқан үлесі, Ратушаға ту тіккен қазақ батыры Кенжебай Мәденовтың өшпес ерлігі мен өнегелі өмірі, Отанға деген сүйіспеншілігі, адалдығы және тұлғалық қасиеттері зерделеніп, бағаланды. Әкемнің данқты ерлігін кеңінен зерттеп, елеусіз қалған нағыз батыр, қолбасшы қолдаған қаһарман деп бағалаған зерттеушілерге, тарихшыларға, журналистерге Мәденовтар әулеті атынан ризашылығымызды білдіреміз!»,- деп қорытынды сөз сөйледі батырдың ұрпағы Махамбет Мәденов.
Іс-шара соңында Қаратөбе аудандық музейінің меңгерушісі Ажар Берікқалиева Қаратөбе ауданы әкімінің атынан маңызды шараның жоғары деңгейде өткеніне ризашылығын білдіріп, конференцияны ұйымдастырған Атырау университеті ректоры Саламат Идрисовқа және Кенжебай Мәденовтың ұрпақтарына алғыс хат табыстады.