
18 ақпан 2025
Қысқы магистратура түлектеріне диплом табысталды!
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қысқы магистратура түлектеріне салтанатты түрде диплом табысталды.
Салтанатты шараға университет басшылығы, факультет декандары, магистранттар мен қонақтар қатысты.
«Бүгінде екі жылдық еңбектеріңіздің жемісін көріп, нәтижесі ретінде магистр атағын иемденіп отырсыздар. Алғашқы ғылыми атақтарыңыз «магистр» дәрежесін алу -сіздер үшін үлкен қуаныш, оқу орнымызды таңдағандарыңыз – бізге де зор мақтаныш. Университетіміз барлық ғылыми құзыреттіліктерді жеткілікті дәрежеде бере алды деп ойлаймын. Диплом алу рәсімдеріңіздің қысқы уақытқа сәйкес келуінің өзі - білім мен ғылым саласындағы іргелі, әрі пайдалы реформалардың нәтижесі. Алған білімдеріңізді еліміздің, өңіріміздің дамуына арнауларыңызға тілектеспін!»,-деді университет ректоры Саламат Идрисов алғы сөзінде.
Атырау университетінің қысқы магистратурасын тарихшы-педагог, білім берудегі менеджмент, шет тілдері және мәдениетаралық коммуникация, қолданбалы экология, білім берудегі физика, физика және электроника, педагогика және психология, биология микробиология негіздерімен, білім берудегі менеджмент білім беру бағдарламалары бойынша 15 магистрант бітірді.
Салтанатты жиын соңында бітіруші түлектер мен ата-аналар тілектерін білдіріп, алғыстарын айтты.