
8 қараша 2024
Қарымды қаламгер Өтеген Оралбайұлымен кездесу өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист Өтеген Оралбайұлымен кездесу өтті.
Тағылымды шараға ақынның жары Нағима Сәрсенқызы, университеттің оқытушы-профессорлар қауымы, студенттер сондай-ақ ақын шығармашылығын зерделеген әдебиет жанашырлары қатысты.
Ақын Өтеген Оралбайұлы – Атырау өңірінде туған сыршыл, ойлы, лирик ақын. Ол жарты ғасырға жуық қазақ поэзиясы мен қазақ әдебиеттану ғылымының қара шаңырағында қаламынан парасатты дүниелерді тудырған, өз оқырманын тапқан танымал қаламгер.
Жас ұрпақтың санасына қозғау салып, жүректерін жалынды жырмен тербеп, әрі қазақ поэзиясында өз орны бар Ө.Оралбайұлының шығармашылығын таныту мақсатында ұйымдастырылған шараны университет ректоры Саламат Идрисов бастап, қонақтарды ақын өмірдеректерімен таныстырды.
Қонақтарға сөз кезегі берілмей тұрып, университеттің жыр сүйер студенттері ақын өлеңдерін жатқа оқыды.
Танымды шарада университеттің ардагер ұстазы, профессор, ақын Қадыр Өтегенұлы, Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешев, Ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаев, Қазақстан жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы, ақын Әлия Дәулетбаева, кәсіпкер Тілепберген Сатыбалдыұлы, «Бәйтерек аясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Тұрар Әбіш, профессор Алмас Садықов сынды қонақтар қаламгердің шығармашылығы мен азаматтық қасиеттерін арқау етіп, ақынға ыстық лебіздерін білдірді.
Қазақ әдебиетіне зор үлесін қосып жүрген қаламгерге Ғылыми кеңестің шешімімен тағайындалған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Құрметті профессоры» атағын басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисовсалтанатты түрде табыс етті.
Іс-шара соңында, ақын, публицист, қоғам қайраткері Өтеген Оралбайұлышығармашылықтағы жетістіктермен бөлісіп, кездесуді ұйымдастырған университет ұжымына, ықыласты оқырмандарына алғысын білдіріп, толғанысқа толы өлеңін оқып берді.