Media Image

15 қараша 2024

Airswift компаниясының өкілі шеберлік сағатын өткізді

  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Сіздің мінсіз түйіндемеңіз және оны әлеуметтік желілерде жариялау» тақырыбында Airswift компаниясының өкілі шеберлік сағатын өткізді, Airswift халықаралық рекрутингтік компаниясы мен Атырау университетінің мансап және тәжірибе офисі бірлесе ұйымдастырған  шараға университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
  Airswift – бүкіл әлем бойынша 40 жылдан астам, ал Қазақстанда 20 жылдан көп нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан халықаралық компания. Жаһандық Airswift бренді 2016 жылдың қаңтарында Air Energi және Swift  компанияларының бірігуі нәтижесінде құрылған.
 Шеберлік сағаты сергіту сәтімен басталып, теориялық бөлігінде Airswift халықаралық рекрутингтік компаниясының мамандарды іріктеу бөлімі басшысы Анастасия Зрячкина студенттерге түйіндеменің тарихы мен мақсатын, оны жазудың дағдыларын көрсетті. Сондай-ақ, білікті маман жұмыс берушілердің талаптары бойынша түйіндеме дайындау, тағылымдамадан өту және одан әрі табысты жұмысқа орналасудың мәнін түсіндіріп берді. «Жазылған түйіндеме сіз туралы толық мәлімет беруі тиіс. Онда біліміңіз, біліктілігіңіз, жеткен жетістігіңіз, жұмыс тәжірибеңіз, не нәрсеге икемділігіңіз бар екені толық қамтылуы керек. Түйіндеме сіздің кең көлемдегі визит карточкаңыз іспеттес. Түйіндеме жазуда сіздің мақсатыңыз - өмірбаяныңыз бен жұмыс тәжірибеңізді, мамандығыңызды, талантыңызды ұтымды көрсете білу», - деді тәжірибелі тренер Анастасия Зрячкина.
 Кездесудің практикалық бөлігі шеберлік сағаты түрінде жалғасып, Airswift компаниясының қызметкері Анастасия Зрячкина түйіндемесін әкелген студенттерге кеңес беріп, мінсіз түйіндеме жазуға бағыт сілтеді. Студенттер компания өкіліне  ризашылықтарын айтып, әсерлерімен бөлісті.
  Жиын соңында шеберлік сағатында белсенділік танытқан студенттерге Airswift компаниясының атынан сертификаттар табысталды.