
22 қараша 2024
Көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына - 135 жыл
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде көрнекті жазушы, драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толуына арналған «Ж.Аймауытов және ұлттық тәрбие» республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Инновациялық білім беру факультеті мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының ұйымдастыруымен өткен жиынға отандық оқытушы-профессорлар, магистранттар мен студенттер қатысты.
Жүсіпбек Аймауытов – драматург, аудармашы, зерттеуші, публицист, ең алғашқы реалистік проза талаптарына, жанрдың Еуропалық шарттарына жауап беретін толыққанды, шебер, ықшам, сондай-ақ, көркем жазылған шығармалардың авторы, реалистік роман принциптерін алғаш меңгерген қаламгерлердің бірі. Әлеуметтік төңкерістер, ұлы революциялар заманында өмір сүрген жазушы қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгерді.
«Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығымен барлығы мектеп бағдарламасынан таныс, әсіресе, «Қартқожа», «Ақбілек» шығармаларын оқыған боларсыздар. Ол кісіні барлығы жазушы ретінде танығанымен, ағартушы-педагог ретінде білетіндер аз деп ойлаймын. Бірақ оның қазақ топырағына алғаш рет психология ғылымын әкелгенін және педагогика бағытында мұғалімдерге көмекші құралдар жазғанын бірі білсе, бірі білмес. Оның психологияны зерттеп, көтерген мәселелері – бұған дейін қазақ топырағында ешкім көтермеген мәселе», - деп қаламгерді педагог-психолог ретінде танытты Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD докторы Жанакуль Шынгисхановна.
Республикалық ғылыми-тәжірибелік семинарда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қазақстан және дүниежүзі тарих кафедрасының қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к. Аққали Қабижанұлы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Жайлы Елепқызы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, PhD доктор Жанакуль Шынгисхановна, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар инжиниринг университеті педагогика кафедрасының профессоры, п.ғ.к. Алмажай Кулжановна, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының қауымдастырылған профессоры, п.ғ.к. Улдай Талкашовна, №38 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер Эльмира Борисовна, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті білім берудегі менеджмент білім бағдарламасының 2-курс магистранты Дана Талғатқызы сынды зерттеуші-ғалымдар мазмұнды баяндама жасады.
Жиын барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті бастауыш білім беру деңгейінің педагогы білім бағдарламасының 3-курс студенттері Аружан Бахытқызы, Гүлнұр Ермекқызы қаламгердің «Ұран», «Неғып жатыр?» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Ғылыми семинар соңында қорғалған баяндамалар талқыланып, қорытынды бойынша резолюция қабылданды.