Media Image
28.01.2026 11

"Атырау" газеті: Ортағасырлық қалаларға қатысты тың археологиялық деректер таныстырылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық сананы жаңғырту және археологиялық зерттеулерді күшейту мәселелері ерекше назарға алынған болатын. Осы бағыттағы міндеттерді іске асыру аясында, «Сарайшық» музей-қорығы археологтары ортағасырлық қалаларға қатысты тың археологиялық деректерді таныстырды.

«Сарайшық» музей-қорығының археологтары ортағасырлық Сарайшық, Қарағайлы, Ащысай және Ұшқан қалашықтарының аумағында жүргізілген кешенді қазба жұмыстары барысында 250-ге жуық құнды археологиялық жәдігерді анықтады. Сонымен қатар зерттеу нәтижесінде «Алтын Орда» дәуіріне тән тұрғын үйлердің, қоғамдық ғимараттардың және керуен-сарай кешендерінің құрылымдық бөліктері ашылып, ғылыми айналымға енгізілді. Осы маңызды жаңалықтарға байланысты Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Сарайшық: археологиялық зерттеулер, жаңа деректер және тарихи пайым» тақырыбында «дөңгелек үстел» форматындағы ғылыми іс-шара өтті.

Іс-шараның модераторы, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар, Атырау университетінің басқарма төрағасы – ректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Саламат Идрисовтар археологиялық зерттеулердің өңір тарихын зерделеудегі маңызын атап өтті.
 

«Дөңгелек үстел» барысында соңғы жылдары жүзеге асқан ғылыми жобалардың нәтижелері жан-жақты талқыланды. Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ұлжан Ахметова «Сарайшық» музей-қорығының 2020-2025 жылдар аралығында түрлі ғылыми жобалар мен бағдарламаларға қатысуы және олардың негізгі нәтижелері жөнінде баяндама жасады.

Музей-қорықтың бас инспекторы Айбек Тұрарұлы далалық археологиялық жұмыстардың қорытындыларын ұсынып, қазба барысында алынған материалдардың ғылыми құндылығына тоқталды. Ал тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов Сарайшық аумағында жүргізілген 2025 жылғы археологиялық қазбалардың нақты нәтижелерін таныстырды. Сондай-ақ музей-қорық директорының орынбасары Жанар Диярова мекеменің халықаралық ғылыми байланыстары мен олардың зерттеу жұмыстарына тигізіп отырған ықпалын баяндаса, ғалым хатшы Амангелді Жұмабаев Сарайшық аумағындағы археозоологиялық зерттеулер жөнінде мәлімет берді.
 

Іс-шарада аға ғылыми қызметкер Жүніс Байғалиев Сарайшықтағы ақша сарайы мен теңгелердің таралу аймағын ғылыми тұрғыда талдап, ортағасырлық қаланың экономикалық маңызын ашып көрсетті. Ал ғылыми қызметкер Карина Каримова қазба барысында табылған әйел әшекейлерінің тарихи-мәдени ерекшеліктеріне тоқталды.
Ғылыми шара аясында «Алтынордалық Қарағайлы, Ұшқан, Ащысай қалалары: тарихы және археологиясы» атты монографияның тұсаукесері өтті. Еңбекте аталған қалалардың қалыптасуы, дамуы және археологиялық тұрғыдан зерттелу ерекшеліктері жүйелі түрде қамтылып, тың деректер ұсынылған.
 

«Дөңгелек үстел» қорытындысында қатысушылар Сарайшық пен оған іргелес қалашықтарды зерттеу жұмыстарының отандық тарих ғылымы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, алдағы уақытта кешенді зерттеулерді жалғастыру қажеттігін айтты.

 Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

https://atr.kz/madeniet/ortagasyrlyq-qalalarga-qatysty-tyn-arheologiialyq-derekter-tanystyryldy/