Медиа ресурстар
АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТҮРІК ТІЛІ АУДИТОРИЯСЫ АШЫЛДЫ
Жаңалықтар

АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТҮРІК ТІЛІ АУДИТОРИЯСЫ АШЫЛДЫ

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен аудитория ашылды.

«Түрік тілі» дәрісханасының салтанатты ашылуына Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов, агенттіктің Қазақстандағы координаторы Фуат Ердоумуш және агенттік мамандары, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының және Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының өкілдері қатысты.

«Атырау университетінде 200-ден астам студент түрік тілін оқып жүр. Жаңа дәрісхана олардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасайды деп сенемін. Бұл бастаманы жүзеге асыруға қолдау көрсеткен TİKA ұжымына және Фуат Ердоумуш мырзаға университет атынан алғыс айтамын», – деді құттықтау сөзінде Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов.

Жақында Атырау университеті Түркияның Анкара Хаджы Байрам Вели университетімен екіжақты ынтымақтастық орнатып, Карабүк университетімен «Бағдарламалық/Компьютерлік инженерия» бағыты бойынша магистранттарды бірлесіп даярлайтын қос диплом бағдарламасын іске қосты. Ал бұған дейінгі келісімдер бойынша Нийде Өмер Халисдемир университетімен қос дипломды білім беру бағдарламасы және шетел тілін оқыту әдістемесі бойынша ортақ білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

Сондай-ақ, оқу ордасының көптілді білім беру факультетінде Түркияның Невшехир университетінің профессоры Адем Огер бастаған мамандар үш жылдан бері түрік тілінен дәріс беріп келеді. Сонымен қатар, аталған елдің жоғары оқу орындарында Атырау университетінің студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасымен жыл сайын білім алып келеді.

TİKA – Түркияның халықаралық ынтымақтастық пен даму бағытындағы жобаларын жүзеге асыратын мемлекеттік агенттік. Ұйым білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы әлеуметтік маңызы бар бастамаларға қолдау көрсетеді. Қазақстанда да түрлі білім беру және мәдени жобаларды жүзеге асырып келеді.

Жаңа дәрісхана Қазақстан мен Түркия арасындағы білім және мәдениет саласындағы байланысты одан әрі кеңейтуге қызмет етеді.