Медиа ресурстар
АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІ КӘСІБИ МЕРЕКЕНІ  АТАП ӨТТІ
Жаңалықтар

АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІ КӘСІБИ МЕРЕКЕНІ АТАП ӨТТІ

1 қазан – Қазақстан Республикасының жоғары білім қызметкерлері күніне арналған Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде салтанатты іс-шара өтті.

Жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері, ардагер ұстаздары мен білім беру саласының өкілдері қатысты.

Салтанатты шарада Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов университет қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, жоғары білім саласының дамуына үлес қосып жүрген ұжым мүшелеріне ризашылығын білдірді.
– Биылғы мерекені жақсы жаңалықтармен, жаңа жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Жақында Түркияның Анкара Хаджы Байрам Вели университетімен жаңа ынтымақтастық орнатып, Қарабүк университетімен магистратура деңгейінде қос дипломды бағдарлама іске қосылды. Академиялық ұтқырлықтың ауқымы кеңейіп, білім алушыларымыз бен оқытушыларымыз үшін халықаралық тәжірибе алмасудың жаңа мүмкіндіктері қалыптасуда. Біздің мақсатымыз – студентке тек диплом беру емес, оның бәсекеге қабілетті, заманауи білім алған маман болып қалыптасуына жағдай жасау. Біз қол жеткізген әрбір нәтиже – тұтас ұжымның ортақ жетістігі. Сондықтан, осы мерекеде білім мен ғылымға, шәкірт тәрбиесіне адал қызмет етіп жүрген баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді Басқарма төрағасы – ректор.

Мерекелік кеште бірқатар университет қызметкерлері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатымен», сондай-ақ салалық ұйымдар мен жоғары оқу орындары қауымдастығының төсбелгілері және медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар, мерейлі жасқа толған университет қызметкерлеріне құттықтау хаттары табысталды.

Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, «Сарын» домбырашылар ансамблі, вокалистер ансамблі, жігіттер ансамблі және университет өнерпаздарынан құралған топтар өнер көрсетіп, көрермендерге музыкалық тарту жасады.

Жоғары білім саласында 
еңбек етіп жүрген барлық профессор-оқытушылар мен қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!