Медиа ресурстар
Татулық пен заң жолында: бірлік, әділет және ғылым тоғысы
Жаңалықтар

Татулық пен заң жолында: бірлік, әділет және ғылым тоғысы

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Татулық пен заң жолында: бірлік, әділет және ғылым тоғысы» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Әділет органдары қызметкерлерінің күніне арналған жиынды Атырау облысының Әділет департаменті, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы және Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияға әділет органдарының қызметкерлері, ғалымдар, сарапшылар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Іс-шараның мақсаты – заң үстемдігі мен әділетті қоғам құрудың өзекті мәселелерін талқылау, заң ғылымы мен құқық қолдану тәжірибесінің байланысын нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған ұсыныстар әзірлеу.

Конференцияны ашқан Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, заң үстемдігі мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы әділет саласының маңызына тоқталды.

– Әділет органдары – заң үстемдігін қамтамасыз ететін, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын, қоғамдағы тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті нығайтатын аса маңызды мемлекеттік институттардың бірі. Әділет саласы қызметкерлерінің кәсібилігі, жауапкершілігі және заңға адалдығы құқықтық мемлекеттің берік негізін қалыптастырады. Мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту үшін әрбір азамат заңды құрметтеп, өз құқықтарымен қатар міндеттерін де терең түсінуі қажет. Осы бағытта әділет органдары мен білім және ғылым саласының өзара ынтымақтастығы ерекше маңызға ие, – деді университет ректоры.

Саламат Нұрмұханұлы татулық, бірлік, әділет және ғылымның қоғам дамуына негіз болатын өзара сабақтас құндылықтар екенін атап өтті. Сондай-ақ университет жанындағы Заң клиникасының студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, кәсіби дағдыларын қалыптастыруға және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал ететінін айтты.

Университеттің Ғылым департаментінің директоры Эльмира Адиетова мен Азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Ғалия Сағиева құттықтау сөз сөйлеп, ғылым мен құқықтық тәжірибенің байланысы, заңгерлер даярлау және құқықтық зерттеулерді дамыту жөніндегі ойларымен бөлісті.

Пленарлық отырыста Атырау облысы Әділет департаментінің басшысы Гүлдана Қыстаубаева «Әділетті қоғам қалыптастырудағы әділет органдарының институционалдық рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ол әділет органдарының құқықтық мемлекет қағидаттарын орнықтырудағы, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы және қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы міндеттеріне тоқталды.

Қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Жанна Шаяхметова «Заң мен тәртіп қағидаты – ортақ міндет» тақырыбындағы баяндамасында заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпке тек мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл қоғам жауапты екенін атап өтті. Баяндамашы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне назар аударды.

Атырау облысы Әділет департаментінің Құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айгүл Анжанова «Әділет жүйесін цифрландыру: құқықтық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы» тақырыбында сөз сөйледі. Ол цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні құқық саласына енгізудің мүмкіндіктері мен тәуекелдерін саралап, электрондық сервистердің құқықтық қызметтерді жедел әрі қолжетімді етуге ықпалын атап өтті.

Әділет департаментінің Сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің бас маманы Айдын Жұмағұлов «Атқарушылық іс жүргізудегі заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз ету: проблемалар мен шешімдер» атты баяндамасында заң талаптарын сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, атқарушылық іс жүргізудің ашықтығы мен тиімділігін арттыру жолдарын сөз етті.

Конференцияда жас зерттеушілердің баяндамалары да тыңдалды. Заң клиникасының мүшесі, «Құқықтану» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Диана Дәулетова «Ғылым мен құқық қолдану тәжірибесінің ықпалдастығы аясындағы Заң клиникасы» тақырыбында баяндама жасап, клиниканың студенттердің кәсіби дағдыларын дамытудағы және теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудағы рөлін таныстырды.

Заң клиникасының мүшесі, 3-курс студенті Зарина Қайырова «Құқықтық мәдениет және жастардың құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктері» тақырыбында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және заңға құрметін қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Пікірталас барысында ғылым мен құқық қолдану тәжірибесінің байланысын жетілдіру, заңнаманың тиімділігі мен құқық қолдану сапасын бағалау, азаматтардың құқықтарын қорғау, әділет саласын цифрландыру, құқықтық ағарту жұмысын дамыту және бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Конференция қорытындысында құқықтық тәртіп пен заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге және құқықтық ағарту жұмысын дамытуға бағытталған ұсыныстар қабылданды. Сонымен қатар университет пен әділет органдарының ғылыми-тәжірибелік серіктестігін кеңейту, Заң клиникасының жұмысын жетілдіру, студенттердің практикалық дағдыларын дамыту, электрондық сервистердің қолжетімділігін арттыру және атқарушылық іс жүргізуді автоматтандыру қажеттігі айтылды.

Ғылым, білім және құқық қолдану саласының өкілдерін тоғыстырған конференция құқықтық мәдениетті дамыту мен кәсіби ынтымақтастықты нығайтудың негізгі бағыттарын айқындады.