Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің экономика және құқық факультетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Ұлыбританиядан келген ғалымдар Марк Берри және Карл Берридің ғылыми-практикалық семинарлары аяқталды.
Екі аптаға жуық уақытқа созылған бағдарлама барысында факультеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары ұлыбританиялық ғалымдардың халықаралық ғылыми және академиялық тәжірибесімен танысып, құнды мағлұматтар алды.
📚 Бағдарлама аясында профессорлар төмендегідей шеберлік дәрістері өтті:
🔹 криминология саласындағы заманауи зерттеу бағыттары мен халықаралық тәжірибе қарастырылды;
🔹 ғылыми зерттеуді жоспарлау және жүргізу әдістері талқыланды;
🔹 ғылыми мақаланың құрылымын дұрыс қалыптастыру жолдары түсіндірілді;
🔹 халықаралық рецензияланатын журналдарға мақала дайындау және ұсыну ерекшеліктері қарастырылды;
🔹 рецензенттердің пікірлеріне жауап беру, қолжазбаны жетілдіру және жарияланымға дайындау бойынша практикалық кеңестер берілді;
🔹 Scopus базасында индекстелетін журналдарда ғылыми мақалалар жариялау мүмкіндіктері талқыланды;
🔹 халықаралық ғылыми жобаларды әзірлеу және бірлескен зерттеулер жүргізу бағыттары бойынша пікір алмасылды.
Бағдарлама қорытындысында профессор-оқытушылар құрамы мен 25 студентке бағдарламаны сәтті аяқтағаны үшін сертификаттар табысталды.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы қатысушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын жетілдіруге, халықаралық жарияланымдарға дайындық деңгейін арттыруға және шетелдік әріптестермен жаңа ғылыми байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.