Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Халық ағарту ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Жиенбай Базарбайұлы Бақидың 90 жылдығына арналған «Тарих және тұлғалар» тақырыбындағы ғылыми семинар өтті.
Ғылыми семинарды Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Бахыт Алтынбасов құттықтау сөзбен ашты. Ол ғалымның университеттің дамуына, тарих ғылымы мен білікті мамандар даярлау ісіне қосқан елеулі үлесіне тоқталып, өнегелі өмір жолының кейінгі буын үшін маңызын атап өтті.
Іс-шараға Х.Б. Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайпулла Сапанов модераторлық етті.
Университет профессоры, ардагер ұстаз Аманкелді Шамғонов «Жиенбай Базарбайұлы Бақи – менің алғашқы ұстазым» тақырыбында сөз сөйлеп, ғалымның ұстаздық болмысы мен адамгершілік қасиеттері туралы естеліктерімен бөлісті.
Семинар барысында ғалымның өмір жолы, ұстаздық қызметі және ғылыми мұрасы жан-жақты талқыланды. Университет профессоры, Ардагерлер кеңесінің төрағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағымов Жиенбай Бақидың мамандығына деген адалдығы мен шәкірт тәрбиелеудегі жауапкершілігі туралы баяндады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамиға Таңатарова ғалымның еңбектерінде көтерілген өзекті мәселелерге ғылыми тұрғыдан талдау жасады. Ал профессор Лесқали Бердіғожин оның Атырау өңірінің тарихын зерттеуге қосқан үлесіне тоқталып, өлкетану саласындағы еңбектерінің маңызын атап өтті.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мұқтар Әбілсейіт Жиенбай Бақидың жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беріп, олардың ғылым жолында қалыптасуына көрсеткен қолдауы жөнінде ой бөлісті. Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Әділбек Тұрдалиев ғалымның ұстаздық өнегесі мен адамгершілік қасиеттерін сөз етті. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиев Жиенбай Бақидың тарихшы, ұстаз және тұлға ретіндегі болмысын кеңінен таныстырып, оның кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұрасына тоқталды.
Іс-шара барысында Х.Б.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археология және этнология ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессоры С.Ж. Сапанов, Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының меңгерушісі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Д.Ж. Әліпова, «Х.Б.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археология және этнологиясы» ғылыми-зерттеу институты ғылыми қызметкері А.Д. Абдулов және Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің оқу ісі жөніндегі декан орынбасары А.О. Орынбасаровтың құрастыруымен жарық көрген «Бақи Жиенбай Базарбайұлы. Таңдамалы еңбектері» кітабының тұсаукесері өтті.
Кітаптың тұсаукесер рәсімін профессор, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шахман Нағымов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Лесқали Бердіғожин және ғалымның ұлы Адамзат Бақи өткізді.
Ғылыми семинардың қорытынды бөлімінде Жиенбай Бақидың жары, перзенттері мен шәкірттері сөз сөйлеп, ардақты ұстаз әрі көрнекті ғалым туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Тағылымды жиын ғалымның ғылыми мұрасын кеңінен насихаттап, оның ұстаздық жолы мен отандық тарих ғылымына қосқан үлесін кейінгі ұрпаққа танытқан маңызды рухани-ғылыми басқосу болды.