Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Заң клиникасының ұйымдастыруымен «Зияткерлік меншік құқығын қорғау шараларының жүйесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – академиялық адалдық қағидаттарын нығайту, білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және зияткерлік меншікті қорғау тетіктері туралы білімдерін тереңдету.
Дөңгелек үстелді Азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі Ғалия Сағиева ашып, кездесудің мақсаты мен маңызына тоқталды.
Іс-шараға Заң клиникасының жұмысына қатысатын «Құқықтану» білім беру бағдарламасының 2-4-курс студенттері қатысты. Дөңгелек үстелдің негізгі сарапшысы – Атырау облысы Әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Зайда Оразова.
Кездесу барысында авторлық құқықты қорғаудың құқықтық тетіктері, зияткерлік меншік нысандарын заңсыз пайдаланудың алдын алу, плагиатпен күрес және цифрлық кеңістікте авторлық құқықты сақтау мәселелері талқыланды.
Студенттердің қызығушылығын тудырған негізгі тақырыптар қатарында TikTok платформасындағы контент пен авторлық құқық, музыкалық шығармалар мен бейнематериалдарды монтажда пайдалану кезіндегі авторлық құқық талаптары, цифрлық дәуірдегі зияткерлік меншікті қорғау, сондай-ақ жасанды интеллект пен авторлық құқықтың арақатынасы болды.
Сонымен қатар студенттер тақырыпқа қатысты баяндамаларын ұсынып, цифрлық кеңістіктегі авторлық құқықты қорғаудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Білім алушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, зияткерлік меншік саласындағы нақты мәселелерге қатысты сарапшының кәсіби пікірін тыңдады.
Дөңгелек үстел білім алушылардың авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі білімін арттырып, плагиаттың және ғылыми әрі оқу еңбектерін рұқсатсыз пайдаланудың алдын алу мәселелеріне назар аударуға мүмкіндік берді.