Медиа ресурстар
Х.ТАБЫЛДИЕВ – 90 ЖЫЛ: ФУТЗАЛДАН ТУРНИР ӨТТІ
Жаңалықтар

Х.ТАБЫЛДИЕВ – 90 ЖЫЛ: ФУТЗАЛДАН ТУРНИР ӨТТІ

 

Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хисмет Бозанұлы Табылдиевтің туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған футзалдан облыстық турнир мәресіне жетті. Білім беру, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері арасында өткен додада сегіз команда бақ сынады.

Ғалымның есімі мен өнегелі өмір жолын ұлықтауды, бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен жарыс тартысты ойындармен есте қалды. Қатысушылар алаңда шеберліктерін көрсетіп, жеңіске деген жігері мен командалық бірлігін танытты.

Турнир қорытындысында Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің командасы жеңімпаз атанып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын Қызылқоға ауданының командасына бұйырса, Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінің командасы үшінші орыннан көрінді.

Жүлдегер командаларға тиісінше 150 мың, 100 мың және 80 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа арналған сертификаттар табысталды.

Сондай-ақ жарыс барысында ерекше шеберлігімен көзге түскен ойыншылар мен бапкерлер жеке аталымдар бойынша марапатталды. Қызылқоға командасының ойыншысы Нұржан Тлеулиев «Үздік қақпашы», Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжі командасының ойыншысы Ринат Темірболатов «Үздік қорғаушы» атанды. «Атырау ақпарат» командасының өкілі Қаршыға Көшековке «Үздік бапкер» атағы берілді.

Индер командасының ойыншысы Бекболат Байтілеуов «Үздік техника иесі», Құрманғазы командасының ойыншысы Мерей Куспанов «Үздік шабуылшы» аталымдарын иеленді. Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің командасынан Асхат Шукуров «Үздік сұрмерген», ал Ғанимат Ақсеріков «Үздік ойыншы» атанды.

Ғалымға тағзым мен спорттық рухты тоғыстырған облыстық турнир командалар арасындағы әріптестік пен өзара сыйластықты нығайтып, қатысушыларға жарқын әсер сыйлады.