Біз туралы
Инновациялық білім беру факультеті - Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 70 жылға жуық тарихы бар үздік факультеттерінің бірі. Педагогикалық, арнайы және әлеуметтік бағыттар бойынша аймақ үшін полимәдени ортасындағы инклюзивті саясатты жүзеге асыру және тұлғалық даму, тәрбиелеу, оқыту саласында кәсіби қызметті жүзеге асыратын жоғары білікті мамандарды дайындауды қамтамасыз етеді.
Факультет 1959–1960 оқу жылында құрылып, өзінің қалыптасу, даму барысында болашақ педагогикалық кадрларды даярлауда маңызды рөл атқарып келеді. Оның тарихы – көптеген ұрпақтар тарихы, уақыттың жанды байланысы. Факультет атауы университеттің стратегиялық дамуына сай, өзгеріп отырды.
Факультетте 70-тен астам профессор-оқытушылар еңбек етеді, оның ішінде 3 педагогика ғылымдарының докторы, 3 PhD доктор, 15 педагогика ғылымдарының кандидаты, 2 Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, магистрлер, сеньор-лекторлар.
Инновациялық білім беру факультетінде құрылған кезінен бастап әр жылдары декан қызметінде танымал ғалымдар педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Асхат Сәлімұлы Иманғалиев (1986-1989), экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышев (1989-1994), педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әлия Меңдешқызы Мұханбетжанова (1994-2001 жж.), педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Тельжанқызы Барсай (2001-2008 жж.), педагогика ғылымдарының докторы Нұрсәуле Сайлауқызы Сайлауова (2008-2011 жж.), педагогика ғылымдарының кандидаты Ғабит Бақытжанұлы Базарғалиев (2011-2013 жж.), педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ляйля Ерболатқызы Койшыгулова (2013-2018 жж.) болды.
2018 жылдан қазіргі уақытқа дейін факультетті педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі Ақмарал Өтепбергенқызы Мұханбетжанова басқарады.
Факультет әлемдік үрдістер аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мазмұнын жаңарту, ғылыми зерттеулер нәтижелерін және технологияларды коммерцияландыру үшін жағдайлар жасау, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру менеджментін және даму мониторингісін жетілдіру міндеттерін атқарады.
Факультеттің үш кафедрасы Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру, Психология және педагогика , Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық бакалавриат және магистратура деңгейлерінде білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда:
1. 6В01101 - Педагогика және психология
2. 6В01901 - Логопедия
3. 6В03101 - Психология
4. 6В01102 - Психология IP
5. 6В01902 - Арнайы педагогика IP,
6. 6В01201-Педагог-тәрбиеші және мектепке дейінгі білім беру әдіскері
7. 6В01301 Бастауыш білім беру деңгейінің педагогы
8. 6В01302- Бастауыш білім беру IP ББ
9.6В01402 Алғашқы әскери және технологиялық дене шынықтыру дайындық мұғалімі
10. 6В01401 Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және таңдаған спорт түрінен жаттықтырушы.
11. 6B01407 - Дене шынықтыру және спорт IP.
12. 7М01101 - Педагогика және психология
13. 7М01103 – Білім берудегі менеджмент және көшбасшылық
14. 7М01301 - Білім берудегі менеджмент
Қазақстан Республикасының бастауыш білім беру мазмұнын жаңарту аясында болашақ мамандарды даярлау, мектепке дейінгі білім беруде болашақ мамандарды көпмәдениетті және инклюзивті орта жағдайына бейімдеп даярлау, білім беру мен өндіріс мекемелеріндегі психологиялық қызметті жүзеге асырудың ғылыми-тәжірибелік бағыттары, әлеуметтік ортадағы қарым-қатынас психологиясының мәселелері, педагогикалық пәндер циклін оқытуда интербелсенді және ақпараттық технологияларды пайдаланудың ғылыми негіздері мен әдістемесі, студент жастарды дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға ынталандыру мен жалпыфизикалық дайындығының диагностикасы кафедралардың негізгі бағыттары болып табылады. Барлық педагогикалық мамандықтардың Білім Бағдарламаларындағы меңгеруге тиісті құзіреттіліктер «Педагогтың кәсіби стандартына» сай бейімделеді.
Факультетте әр жылдары «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпаздары атағын иеленген профессорлар қызмет атқаруда : Л. Койшигулова (2016 ж.), А. Муханбетжанова (2017 ж.), Ж. Сабирова (2018 ж.), Ш. Джанзакова (2019 ж.) Г. Шұғаева (2020 ж.). Бұл байқау жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамының педагогикалық және ғылыми шеберлігін саралау, оқытушы мамандығының беделін арттыру және оларды одан әрі кәсіби дамуға ынталандыру мақсатында өткізіледі.
Факультет Simon Fraser University (Канада), Kokand University (Өзбекстан), Астрахань мемлекеттік университеті, Қалмақ мемлекеттік университеті (РФ), Манас Қырғыз-түрік университеті, Қырғыз халықаралық университеті (Қырғызстан), Эге университеті, Ниде университеті (Түркия) және басқа да алыс-жақын шетелдік ғылыми мекемелермен тығыз байланыстар орнатқан. Профессор-оқытушылар құрамы халықаралық, республикалық конференцияларға белсенді қатысып, педагогикалық-психологиялық мәселелерді шетелде танытуға атсалысуда.
Факультет - педагогика, психология, инклюзивті білім беру, ерте кәсіби бағдарлау, бастауыш мектепте функционалдық сауаттылықты калыптастыру, бастауыш мектептің өзекті мәселелері бағыттарында ғылыми зерттеулер жүргізуде. Факультет ғалымдары, профессорлар Г.Қ.Шұғаева, Л.Е.Қойшыгулова ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ғылым комитетінің мақсатты бағдарламалық қаржыландыру гранттық жоба мүшесі ретінде жұмыс атқаруда. Сондай-ақ оқытушылар бірнеше университетішілік және әлеуметтік гранттық жобаларда жетекшілік етеді. 2021-2024 жж. профессорлар Ж.Н.Сабирова, Г.Қ.Шұғаева, Л.Е.Қойшыгулова, А.У.Мұханбетжанова Simon Fraser университетінің Білім беру факультетінің PhD, профессоры Роберт Уильямсонның жетекшілігімен «Ерекше білімді қажет ететін балаларға білім беру тәжірибесін бағдарлайтын салыстырмалы» халықаралық жоба жұмысын жүргізді.
Профессор-оқытушылар белсенді білім алуға, студенттер тарапынан жауапкершілікке, студенттердің дербестігінің жоғарылығына, оқу үдерісіне рефлексиялық көзқараспен қарауына, студент пен оқытушының өзара тығыз байланысына ден қойып, білім беруінің арқасында көптеген жетістіктерге ие болды. Студентке бағытталған оқыту жүйесі бойынша заманауи ойлауға, гуманистік идеяларға, адами құндылықтарға, инновациялық іс-әрекет етуге, үздіксіз өзін-өзі дамытуға, жаңа білім жүйесінің қажеттіліктеріне бағдарланған мамандар даярлануда. Факультетте дарынды студенттерді қолдау назардан тыс қалмайды. Соңғы жылдары білім алушыларға демеушілік шәкіртақы тағайындалады. Жыл сайын жүзден астам әлеуметтік жағдайы төмен топтағы үздік оқыған студенттерге және қызметкерлердің балаларына оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер қарастырылған. Факультетте студенттердің рухани мәдениетін қалыптастыру, дамыту мақсатында «Asu Umit» инновациялық әлеуметтік жобалар аясында көптеген іс-шаралар атқарылып, нәтижесінде оң өзгерістерге қол жеткізіліп, жоғары бағаланып отыр. Әр кафедрада «Жас психолог», «Жас ғалым» студенттік ғылыми үйірмелері мен «Сармат» клубы және “Волонтерлар тобы» нәтижелі қызмет атқарып келеді. Студенттер мен магистранттарға шетел тілін игеру деңгейін жақсартуға, теориялық білімі мен практикалық дағдыларын тереңдетуге мүмкіндіктер жасақталған.
Факультетке қарасты кафедралар бірқатар филиалдармен тығыз жұмыс жасайды. Облыс және қаланың білім беру ұйымдары кафедраның филиалдары ретінде студенттер үшін практикалық база болып табылады.
Факультеттің материалдық-техникалық базасы талаптарға сай. Білім бағдарламаларының талаптарына жауап беретін зертханалық дәрісханалар уақыт талабына сай жаңа технологиямен жабдықталған. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Инновациялық білім беру факультеті - өңірдегі білім беру кеңістігінің дамуында ерекше орны бар ғылыми-әдістемелік орталық. Факультет заманауи білім беру үрдістерін тиімді енгізіп, кәсіби құзыретті, бәсекеге қабілетті педагог мамандар даярлау арқылы елдің білім беру сапасын арттыруға зор үлес қосып келеді. Инновация мен дәстүрді ұштастырған бұл құрылым болашақ ұрпақтың рухани-адамгершілік және зияткерлік дамуына бағытталған сенімді іргетасы болып табылады.