Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті

Біз туралы

13.04.2026 155

Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті – Атырау университетінің ең көне әрі іргелі құрылымдық бөлімдерінің бірі. Факультеттің тарихы 1950 жылдан бастау алады. Алғашында филология және география факультетінің құрамында ашылған бұл құрылым 1959 жылы тарих-филология факультеті болып қайта ұйымдастырылды.

2006 жылы факультет атауы Гуманитарлық факультет болып өзгертілсе, 2017 жылдың 8 тамызынан бастап қазіргі атауы – Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті болып бекітілді. Атаудың өзгеруі факультеттің ғылыми-білім беру бағыттарының кеңейіп, өнер саласының институционалдық тұрғыда нығаюымен байланысты болды.

Факультетті әр жылдары білім беру мен ғылым саласында танылған тәжірибелі басшылар басқарды: Л.П. Азовская, Л.И. Белый, З.А. Алдамжар, Н.И. Өтегенов, Н.Е. Бахарев, Ж.Б. Баки, И.К. Камешев, Ғ.Н. Нығмет, А.С. Иманғалиев, А.С. Сарсенов, Т.Т. Төлепберген, Ж.Ж. Мұстафин, С.И. Камелова, Қ. Сүндетұлы, Г.К. Қайырғалиева, Д.Ұ. Хамидуллина, С.Б. Аймұратов, Б.Б. Қорған. Олардың әрқайсысы факультеттің ғылыми мектебінің қалыптасуына, кадрлық әлеуетінің нығаюына және білім беру сапасының артуына елеулі үлес қосты.

Қазіргі таңда факультетті қауымдастырылған профессор, философия ғылымдарының кандидаты Аймұратов Сағынгерей Болатқалиұлы басқарады. Оның жетекшілігімен факультет білім беру үдерісін жаңғырту, ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

 

Миссиясы мен стратегиялық бағыттары

Факультеттің негізгі мақсаты – гуманитарлық, педагогикалық және әлеуметтік бағыттар бойынша жоғары білікті, заманауи ақпараттық технологияларды меңгерген, кәсіби тұрғыда бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.

Факультет қызметінің басым бағыттары:

  • білім беру сапасын халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізу;
  • ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі дамыту;
  • инновациялық оқыту технологияларын енгізу;
  • еңбек нарығымен тығыз байланыс орнату;
  • студенттердің шығармашылық және ғылыми әлеуетін қолдау;
  • академиялық ұтқырлық пен халықаралық серіктестікті кеңейту.

Білім беру бағдарламалары теориялық дайындық пен тәжірибелік машықтарды ұштастыра отырып, студенттердің кәсіби құзыреттілігін кешенді түрде қалыптастыруға бағытталған.

 

Факультет құрылымы

Факультет құрамында 4 кафедра жұмыс істейді:

  1. Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасы
  2. Журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы
  3. Музыка және өнер кафедрасы
  4. Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасы

 

Кафедраларда 60-тан астам профессор-оқытушылар құрамы еңбек етеді. Олардың қатарында профессорлар, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, магистрлер және салалық тәжірибесі бар мамандар бар.

Факультетте 1000-нан астам студенттер мен магистранттар білім алады. Оқу үдерісі заманауи талаптарға сай ұйымдастырылып, кәсіби практика, ғылыми жобалар және шығармашылық жұмыстармен толықтырылады.

 

Түлектер жетістігі

Факультет түлектері еліміздің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени өмірінде маңызды орын алады. Олардың қатарында ҚР Парламентінің депутаттары, философия ғылымдарының докторлары, профессорлар Қ.Е. Ермеков, А.А. Айталы, қоғам қайраткері С. Ергенов, белгілі ғалымдар А.С. Иманғалиев, А.Қ. Мұхтар, Г.К. Кенжебаев, А.К. Ахмет, Ұ.Т. Ахметова, Л.Б. Бердіғожин және басқа да танымал тұлғалар бар.

Түлектер білім беру саласында, бұқаралық ақпарат құралдарында, өнер мен мәдениет мекемелерінде, мемлекеттік басқару органдарында, күш құрылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде және жақын шетелдерде табысты еңбек етуде.

 

Студенттік орта және ғылыми-шығармашылық қызмет

Факультетте студенттердің жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптасқан. Университеттің қоғамдық және әлеуметтік-мәдени іс-шараларына белсенді қатысатын студенттік ұйымдар жұмыс істейді:

  • студенттік «Smart Students» кеңесі;
  • «1986» дебат клубы;
  • «Ақтаңгер» ақындар клубы;
  • «Әсемқоңыр» домбырашылар ансамблі;
  • студенттік оркестр және басқа да шығармашылық бірлестіктер.

Студенттер республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға, олимпиадаларға, фестивальдерге және шығармашылық байқауларға белсенді қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.