Біз туралы

История кафедры

22.05.2026 248

«Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық» кафедрасы  таңдаған спорт түрлері бойынша спортшылар және дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерін дайындаумен қатар бәсекеге қабілетті, заман талабына сай, сапалы білім мен саналы тәрбиені жоғары деңгейде қамтамасыз ететін жаңа буын педагогтарын даярлайтын факультеттің іргелі кафедрасының бірі болып табылады.

Кафедра 1982 жылы студенттерге арнайы білім беру мақсатында «Спорт пәндері» деген атаумен құрылды. Кафедра меңгерушісі лауазымына Ә. Амиров тағайындалды. Кафедраның оқытушылар құрамында п.ғ.к., профессор Н.Мамбетов, п.ғ.д., профессор Т.Ботагариев және Қазақ дене тәрбиесі институтының түлегі А.С.Аралбаев болды. Кафедра құрамы жыл сайын арнайы оқу орындарын бітірген жас мамандармен толықтырылып отырды. Атап айтсақ, Қазақ дене тәрбиесі институтының түлектері Е.И.Бекбосынов (бокс), А.Н.Шагиров (волейбол), А.Айзақов (гимнастика), Краснодар дене тәрбиесі институтының түлегі Е.К.Төлегенов (баскетбол), Грозный университетінің дене тәрбиесі және спорт факультетін бітірген П.П.Глонин (баскетбол), Қарағанды дене тәрбиесі институтының түлектері С.Самигуллин, М.В.Шинклер (жеңіл атлетика) және Гурьев педагогика институтының дене тәрбиесі мамандығының алғашқы оқуды үздік бітірген түлектері  Г.М.Утебалиева, В.Абакумов, В.Шевцов, С.Куцеволов, Р.А.Қанатбаева кафедрада оқытушылық қызметін атқаруға қалдырылды.

Кафедра ғылыми-педагогикалық кадрлармен және жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілген. Профессорлық-оқытушылық құрамында профессорлар, доценттер, ғылым кандидаттары, халықаралық дәрежедегі тренерлер, спорт шеберлері, Қазақстан Республикасының спорт шеберлері бар. 2020 жылдан бастап кафедраны педагогика ғылымдарының  кандидаты, профессор  А.С. Аралбаев басқарып келеді.

Қазіргі уақытта кафедра бакалавриат деңгейінде білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда: 6В01401 - Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және таңдаған спорт түрінен жаттықтырушы,  6B01402 - Алғашқы әскери және технологиялық, дене шынықтыру дайындық мұғалімі,  6B01407 - Дене шынықтыру және спорт IP.

Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық кафедрасы өзінің 42 жылдық  даму тарихында оқу үрдісімен қатар университет, облыс, Республика спортын дамытып жетілдіруде үлкен үлес қосып келеді.

Кафедра оқытушы-профессорлар құрамы жүйелі түрде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. Олардың негізгі ғылыми бағыттары: Мүмкіндігі шектеулі адамдардың денсаулықтарын нығайту, жалпы білім беру мектептерінде спорттық ойындарды жаңа инновациялық технологиямен деңгейде жүргізу, әскер жасына дейінгі жастардың дене тәрбиесі мен әскери-патриоттық тәрбиенің өзара байланысын арттыру, мектептегі дене шынықтыру сабағында инновациялық технологияларды қолдану, дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық саласына білікті кәсіби мамандар дайындау.

Кафедра білікті ғылыми мамандар дайындау мақсатында Қырғызстан, Ресей, Түркия университеттерімен және республикамыздың Алматы, Қарағанды,  Түркістан, Ақтау, Шымкент, Орал, Ақтөбе қалаларындағы жоғары оқу орындарымен, Дене тәрбиесінің ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен тығыз әріптестік байланыс орнатқан.

Облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектептерінің базасында білім алушылардың кәсіби практикаларын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын тиімді ұйымдастыру, спорттық шеберліктерін жетілдіру мақсатында кафедраның филиалдары ашылып, бірлесіп жұмыс жасауда.

Кафедраның тәрбие жұмысы ұлттық мәдениетті, рухты, өнерді, спортты, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, ана тілін ардақтайтын, саналы, намысты ұрпақ тәрбиелейтін мәселелер бағытында тәлімгерлер жақсы шараларды жүзеге асырып келеді. Еліміздің төл мерекелеріне арналған тәрбие сағаттарын, спорт ардагерлермен, үздік спортшы түлектермен кездесулер өткізу дәстүрге айналған. Бұл іс-шаралардың студент жастарға берер тағылымы мен тәлім-тәрбиесі өте зор.

Қазіргі таңда  ББ-да Қазақстан Республикасының Халықаралық деңгейдегі 20 спорт шебері, 35-тен аса Қазақстан Республикасының спорт шебері, 200-ге жуық Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер спортшылар білім алады. Олар облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі спорт додаларында еліміздің, университеттің намысын қорғап, мәртебесін көтеруде аянбай тер төгуде.

1992-2025 жылдар аралығында ББ-ның спортшы студенттері көптеген жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп, ел абыройын асқақтатты. Атап айтсақ, КСРО біріншілігінің 5 дүркін жеңімпазы, 1992 жылы  Барселона Олимпиадасына қатынасқан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Б.Теміров, ескек есушілер Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпаздары, 1996 жылы Атланта Олимпиадасына қатынасушылар, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері С.Сергеев, А.Сафарян, И.Гадиатуллин, дзюдошы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы, Әлем кубогінің иегері, «Самбо» күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы, 2008 жылы Пекин Олимпиадасына қатынасушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Р.Ибрагимов, таеквандошы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы, Азия ойындарының жеңімпазы, 2008 жылы Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері, Әлем біріншілігінің қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері А.Чилманов, таеквандошы Қазақстан студенттері арасындағы Универсиада чемпионы, жазғы бүкіл Әлемдік студенттер Универсиадасының алтын медаль иегері, спорт шебері Г.Айтмұханбетова, кикбоксшы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы, Әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері  М.Айтқалиев және т.б.  Университет құрама командасы спорттың бірнеше түрінен екі жылда бір рет өтетін бүкіл Қазақстан ЖОО-ы студент жастары арасындағы жазғы Универсиадаға қатынасып жеңіл атлетика, «Самбо», «Дзю-до», «Еркін күрес», «Греко-Рим»  күрестерінен, футзал, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, таеквандо, крате-до, бокстан жүлделі орындарға ие болып отырды. 2023 жылы Ақтау қаласында өткен ХII-жазғы Универсиадасында  8 алтын, 4 күміс, 19 қола медалмен жалпы командалық есепте  Атырау университеті  VII-ші орын алды.

          Университет командасы Каспий жағалауында орналасқан  мемлекеттердің университеттері ассоциациясы бағдарламасы бойынша Ресей, Әзербайжан, Түркменстан, Ислам Республикасы Иран және Қазақстан мемлекеттері университеттерінің студент жастарының қатынасуымен өтетін спорт Универсиадасына 2000 жылы Астрахань (АГТУ Россия),  2002 жылы Атырау (АИНГ, Қазақстан), 2004 жылы Решта (Горган, Иран), 2010 жылы Махачкала (Россия), 2018 жылы Атырау (Х.Досмұхамедов ат. АУ, Қазақстан) қатынасып жеңіл атлетика, еркін күрес, самбо, дзюдо, таеквондо, баскетбол, футбол, шахмат спорт түрлерінен жүлделі орындар алып, биіктен көрініп отырды. 2018 жылы Атырау университетінің ұйымдастыруымен өткізілген V-Универсиадада командамыз жалпы командалық есепте  І – ші орынды жеңіп алды.

2024 жылы Каспий жағалауы елдері университеттерінің студент жастары арасындағы VI-шы Универсиаданы Астрахань (РФ) спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Каспий ойындары» атауымен спорттың он түрінен (Самбо, жеңіл атлетика, шахмат, шашка, волейбол, баскетбол, кіші аяқ  добы, жүзу, фиджиталь футбол, фиджиталь, баскетбол) бес мемлекеттен 14 жоғары оқу орындарынан 600-ден аса спортшы студент жастарының қатынасуымен өткізілді. Жарыс қорытындысы бойынша  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті  спорттың  «Баскетбол», «Фиджиталь Баскетбол», «Самбо», «Шахмат», «Шашка», «Кіші аяқ добы», түрлерінен командалық  І-ші орынды,  «Жеңіл атлетика», «Фиджиталь футбол» және «Волейбол» түрлерінен  ІІ-ші орынды жеңіп, жалпы командалық есепте 14 жоғары оқу орындары арасында І-ші орынға көтеріліп «Каспий ойындарының» арнайы кубогімен марапатталды.

2025 жылы Түркістан қаласындағы «Халықаралық туризм және меймандостық университеті» КеАҚ-ның базасында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 28 ақпандағы №88 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері арасында «XIII жазғы Универсиада» өтті. «XIII Жазғы Универсиадада» 79 жоғары оқу орнының арасынан ББ студент-спортшылары зор жетістікке қол жеткізді.

ХІІІ-жазғы Универсиада қорытындысы бойынша 5 алтын, 4 күміс, 17 қола медель жеңіп алып, университет тарихында  жалпы командалық 11-орын иеленді. Баскетболдан ерлер командасы - 4 рет қатарынан Универсиада чемпионы болды.

Командалық ойындардың күрделілігіне қарамастан, футболдан ерлер командасы жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетіп, республикалық деңгейде 3-орын иеленді. Бұл жеңіс — университетіміздің 85 жылдық мерейтойына арналған зор тарту болды.

«Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық» кафедрасы  дене шынықтыру және спорт, бастапқы әскери  саласында теориялық және практикалық біліммен, ғылыми-зерттеушілік біліктілікпен қаруланған бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда зор үлес қосуда.