Кафедра тарихы
Информатика кафедрасының тарихы 1977 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының Физика және математика факультетінде «Геометрия және есептеу математикасы» кафедрасының құрылуынан басталады. Кафедраны ф.-м.ғ.к., доцент Ж.М. Рашбаев басқарды. Сол кезеңде оқу-тәжірибелік база ретінде «Наири-2» ЭЕМ-і және жартылай автоматты есептеу машиналары қолданылып, есептеуіш математика бағытындағы пәндер жүргізілді.
1985–1986 оқу жылында мектеп реформасына сәйкес барлық орта оқу орындарына «Информатика және есептеуіш техника негіздері» пәні енгізілуіне байланысты өңір мектептеріне маман даярлау қажеттілігі артты. Осы мақсатта «Геометрия және есептеу математикасы» және «Алгебра және математиканы оқыту әдістемесі» кафедралары біріктіріліп, «Информатика және есептеуіш техника» кафедрасы болып қайта құрылды. 1986–1987 оқу жылында кафедра жанынан арнайы зертхана ашылып, оқу үдерісі «КУВТ-86», «Электроника», «Корвет», «Агат», «БК-0010», «YAMAHA-MSX», кейінірек Compaq, IBM PC-386/486 және Pentium-IV дербес компьютерлерімен жабдықталды.
1996 жылы жаңа ақпараттық технологияларды оқу үдерісіне кеңінен енгізу мақсатында кафедра құрылымы өзгеріп, «Информатика және оқытудың жаңа информациялық технологиясы» кафедрасы дербес бағыт ретінде қалыптасты (меңгерушісі – доцент А. Хамметов). 2002 жылдан бастап факультет информатика және қолданбалы математика бағыттарында кадр даярлауды кеңейтті. 2003–2009 жылдары кафедраны ф.-м.ғ.к. Ғ.А. Салтанова басқарса, 2009–2010 оқу жылында ф.-м.ғ.к. Ж.Г. Джумамухамбетов жетекшілік етті.
2010–2011 оқу жылында кафедраны п.ғ.д., профессор С.К. Кариев басқарып, осы кезеңде магистратура бағдарламалары ашылып, алғашқы магистранттар қабылданды. Кейінгі жылдары кафедра бакалавриат пен магистратура деңгейлері бойынша маман даярлауды жүйелі түрде дамытып, мамандандырылған аккредитациялардан өтті. 2017 жылдан бастап кафедра өңір мектептерімен серіктестікті күшейтіп, филиалдық алаңдар мен әдістемелік семинарлар ұйымдастыру арқылы білім беру сапасын арттыруға үлес қосты.
2022–2024 жылдар аралығында Информатика кафедрасын магистр, аға оқытушы А.И. Кумаргалиева басқарса, 2024 жылдан бастап кафедраны PhD, қауымдастырылған профессор Багитова Қ.Б. басқарып келеді. Қазіргі таңда кафедра бакалавриат және магистратура деңгейінде білім беру бағдарламаларын іске асырып, Республикалық және Халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатынасып, ғылыми жобалар мен стартап-бастамаларды жүзеге асыру арқылы өңірдің білім беру және цифрлық трансформация үдерісіне белсенді қатысып келеді.