Каспий маңы елдерінің университеттері меморандумдарға қол қойды
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 85 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында Каспий маңы елдері университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығының XXVII Бас Ассамблеясының отырысы өтті.
Отырыста білім беру, ғылыми және мәдени байланыстардың маңыздылығы, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын тиімді іске асыру жолдары талқыланды.
Сонымен қатар, Қауымдастық мүшелері арасында бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Гилян университеті мен Астрахан мемлекеттік техникалық университеті; Гилян университеті мен Генерал-адмирал Ф.М. Апраксин атындағы Каспий теңіз және өзен көлігі институты; сондай-ақ Атырау университеті мен Әзірбайжан технологиялық университеті; Атырау университеті мен Астрахан мемлекеттік техникалық университеті және Атырау университеті мен В.Н. Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.
Жиын барысында қатысушылар алдағы бірлескен қызмет бағыттарын талқылап, пікір алмасты. Талқылау қорытындысы бойынша экологиялық жағдайды жақсартуға, теңіз экожүйесін қалпына келтіруге және биоәртүрлілікті сақтауға бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ Қауымдастыққа мүше елдердің тілдері мен мәдениеттерін дәріптеу бойынша іс-шараларды іске асыру туралы шешімдер қабылданды.
Қауымдастық құрамы бірнеше жаңа университеттермен толықты.
Келесі жылы Каспий маңы елдері университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарының қауымдастығына отыз жыл толады. Кезекті отырысты Иран Ислам Республикасының Решт қаласында, Гилян университетінің базасында өткізу туралы шешім қабылданды.