Science-Cafe төртінші отырысы
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 2026 жылдың 11 наурызында «Sciene Cafe» кезекті отырысында Халықаралық әріптестік және интернационалдандыру кеңсесінің жетекшісі Дәулетова Гүлзира Абайқызы «Жаһандық білім беру интеграциясы жағдайындағы академиялық ұтқырлық және акедемиялық адалдық мәдениеті» атты тақырыбында оқытушылар мен студенттерге арналған шара өткізілді.
Іс-шара барысында қазіргі жоғары білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде дамуы, білімнің интернационалдануы, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы кәсіби дамуы жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар академиялық ұтқырлықтың жеке тұлғаның кәсіби құзыреттілігін арттырудағы, ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытудағы және халықаралық академиялық ортаға бейімделудегі рөлі атап өтілді.
Шара аясында академиялық адалдық қағидаттарының маңыздылығы ерекше назарға алынды. Академиялық адалдық – білім беру және ғылыми қызметтегі адалдық, жауапкершілік, әділдік және өзара құрмет құндылықтарына негізделетін маңызды мәдениет екені айтылды. Бұл қағидаттарды сақтау университеттің академиялық беделін нығайтып, білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қазіргі цифрлық дәуірде академиялық адалдыққа төнетін жаңа сын-қатерлер мен оларды еңсерудің жолдары талқыланып, студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми этика мен академиялық жауапкершілікке саналы көзқарасын қалыптастырудың маңызы атап өтілді.
Қорытындылай келе, академиялық ұтқырлық пен академиялық адалдық – жаһандық білім беру кеңістігіндегі табысты интеграцияның негізгі факторлары екені атап өтілді. Университет қауымдастығы білім сапасын арттыру, академиялық мәдениетті нығайту және халықаралық серіктестікті дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.