Media Image
28.01.2026 9

"Атырау" газеті: Рухани құндылықтарды нығайту қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылған бұл ойлар бүгінгі жаһандық үдерістердің шынайы бейнесін дәл сипаттайды. Қазіргі әлем расында да жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мұндай өтпелі дәуірлер адамзат тарихында сирек кездеседі және олар әрдайым күрделі сынақтармен, қайшылықтармен, тұрақсыздықпен қатар жүреді.

Президент атап өткен алпауыт мемлекеттер арасындағы қарама-қайшылықтардың күшеюі – тарихи заңдылық. Әлемдік саясатта жетекші орынға талас күшейген сайын, бәсекелестік те, қақтығыстар да арта түседі. Қазіргі таңда бұл үрдіс тек әскери салада ғана емес, экономикалық, ақпараттық, технологиялық және мәдени кеңістікте де айқын көрініс табуда. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, деректерге ие болу – жаңа геосаяси күрестің негізгі құралдарына айналды.

Халықаралық құқықтың әлсіреуі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының ықпалының төмендеуі де тарихи тұрғыдан алаңдатарлық құбылыс. Бұрын халықаралық ұйымдар ірі державалар арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңызды тетігі болса, бүгінде олардың шешімдері жиі ескерусіз қалып жатады. Бұл – күшке негізделген саясаттың қайта белең ала бастағанын білдіреді.

Экологиялық және техногендік апаттардың жиілеуі де адамзат өркениетінің даму жолындағы күрделі қайшылықтарды көрсетеді. Тарихта табиғат пен адам арасындағы үйлесім бұзылған сайын, ірі дағдарыстар туындағаны белгілі. Бүгінгі климаттың өзгеруі, су тапшылығы, жер ресурстарының тозуы – келешекте жаңа геосаяси қақтығыстардың себебіне айналуы әбден мүмкін.

Батыс елдеріндегі этносаралық және дінаралық үйлесімнің дағдарысқа ұшырауы, ұлттық бірегейліктің әлсіреуі де – жаһандану дәуірінің күрделі салдары. Тарих көрсеткендей, ұлттық құндылықтар мен мәдени негіз әлсіреген қоғамдар сыртқы ықпалға тез бой алдырады. Президенттің ұлттық мәдениетті қорғау мәселесіне баса мән беруі осы тұрғыдан өте орынды.

Көші-қон дағдарысы мен босқындар мәселесі де бүгінгі заманның ең өткір проблемаларының біріне айналды. Мұндай құбылыстар өткен ғасырларда да болған, алайда қазіргі кезеңде оның ауқымы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бұл – соғыстардың, экономикалық теңсіздіктің және саяси тұрақсыздықтың тікелей салдары.

Жасанды интеллектіні әскери мақсатта пайдалану мүмкіндігінің артуы – адамзат тарихындағы жаңа қауіп. Бұрын ядролық қару қандай үрей тудырса, бүгін цифрлық және автономды қарулар да сондай қатерге айналуда. Бұл – өркениеттің дамуы мен адамгершілік жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдік бұзылып бара жатқанын көрсетеді.

Президент Жолдауында айтылған жаңа геосаяси тәртіптің қалыптасуы – кездейсоқ құбылыс емес, ұзақ уақыт бойы жинақталған қайшылықтардың нәтижесі. Әлем көпполюсті сипатқа көшіп, әрбір мемлекет өз орнын қайта анықтауға мәжбүр болып отыр. Мұндай жағдайда ұлттық мүддені қорғау, ішкі тұрақтылықты сақтау, білім мен ғылымды дамыту, рухани құндылықтарды нығайту – елдің басты тірегіне айналады.

Тарихшы ретінде айтарымыз, өтпелі кезеңдерде ең бастысы – сабыр мен стратегиялық пайым. Кез келген жаңа дәуір өзімен бірге қауіп-қатермен қатар жаңа мүмкіндіктерді де алып келеді. Қазақстан үшін бұл кезең – тәуелсіздігін нығайтып, халықаралық аренадағы беделін арттыруға, ұлттық бірегейлігін сақтауға берілген тарихи мүмкіндік.

Сондықтан Мемлекет басшысының бұл пайымдары – тарихи үдерістерді терең түсінуден туған стратегиялық тұжырым. Ол қоғамды жаһандық өзгерістерге дайын болуға, жауапкершілікпен әрекет етуге және болашақты саналы түрде қалыптастыруға үндейді.

Жамиға ТАҢАТАРОВА,

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

https://atr.kz/kozqaras/ruhani-qundylyqtardy-nygajtu-qazhet/