«Халел айтқан асыл сөз»
Сенен басқа жүздеген, мыңдаған қазақтың жоғарғы дəрежелі білім
алып жатқанын ойыңа алсаң, сол кезде: бұл халық та еңбекке, алға
басуға қабілетті екен, – деп есептейсің. Бұл: «Бір кезде дүние жүзінде
алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші
Жапонияға айналады», – деген сөз.
Білім алуға көп еңбек, аса сабыр керек. Білім алудың жолы көп. Ең көптісі – жақсы мектеп, білімді мұғалім. Мұнан қалса көпке түсінікті жазылған білім кітаптары.
Заманымыз – мəдениет заманы, мəдениетке білім жеткізеді. Білім мысқалдап кіреді, білімді болу үшін сарғаю керек.
Еңбексіз білім жоқ. Еңбексіз елді ағартып, тездеп мəдениетті қыламын деген ой – ақылдан ауысқандық.
Оңаша жүрген елдің өз еркінде тұрғанда тілі бұзылмайды. Елдің тілін бұзатын – көршілес елдердің мəдениетін үлгіге алған мəдениетті елдердің əсері.
Біздің тəжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек.
Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат əсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады.
Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілі көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл
болса, ол ел – сорлы ел, мүндай елдің тілі бұзылмай қалмайды. Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады.
Жасында ұлт мектебінде дұрыстап оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды, бөтен тілдің сөздерін ана тілінің заңымен айтамын деп шатасады.
Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілге еліктей беруі – зор қате. Бұл оқығандардың һəм оқушылардың есінен шықпауы керек.
Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды. Мəдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші, тілі бүзылмақшы. Тілінен айырылған жұрт — жойылған жұрт. Тілімізді бұзбай ұстарту шарттарын қарастыру, жұрт əдебиетінен, көркем əдебиеттен үлгілер көрсетіп, өрнекті түрлерімен таныстыру.
Біздің қазақ жұрты оянғаннан бері мəдениет бəйгесінде ілгері кеткен жұртқа жетудің қамын қылып жатыр. Мəдениеттің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетеді. Білімді жұрттардың тілі бай болады.
Мəдениет қуған жұрттың ең алдымен, тілі өзгермекші. Шеттен кірген білімін əдетпен, заң мен жаңалықтарға түсінік беретін жаңа сөздер келмекші. Тілге кірген жаңа сөздердің көбі өлкеге алынған мəдениетті жұрттың сөздері болмақшы.
Қара халық өте сақ болады. Тұрмысына, салтына, елдігіне зиянды нəрселерді қабылдамайды. «Қара қарын» ел бұзады деп, жат рулардың адамдарын өте арасына сақтықпен кіргізгеніндей, шет сөздерді де сынап, тергеп, тексеріп, текшеп, өзгертіп, өз тілінің əдетіне лайықтап кіргізеді.
Ақындық – табиғаттың сыннан таңдап бірен-саран адамдарға таңдап беретін артық өнері. Тілді бұзбай ұстарту, шеберлеу, байыту ақындардың мойнына артылған зор борыш.
Əдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды.