
15 сәуір 2025
ХХІ ғасырдағы қаржылық қауіпсіздік мәселесі талқыланды
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Қаржылық қауіпсіздік: ХХІ ғасырдағы сандық тұзақтар» атты аймақтық форум өтті.
Форумның ашылу рәсімінде қаржылық қауіпсіздіктің маңыздылығы туралы «бүгінгі форум – заманауи қаржылық жүйенің қауіп-қатерлері мен цифрлық әлемдегі қаржылық сауаттылықтың өзектілігін жан-жақты талқылайтын маңызды алаң. ХХІ ғасырдағы цифрлық трансформация жаңа мүмкіндіктермен қатар, елеулі қауіптерді де ала келуде. Осы тұрғыдан алғанда, қаржылық қауіпсіздік мәселесін терең зерттеп, нақты шешімдер ұсыну – баршамыздың ортақ міндетіміз», - деді Атырау университеті ректоры Саламат Идрисов.
Қазіргі қоғамда кеңінен таралып жатқан қаржылық алаяқтық, әсіресе қаржылық пирамидалар мен онлайн алаяқтық мәселелерін талқылауға, сонымен қатар жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған форумға Атырау облысы цифрландыру және архивтер басқармасы, облыстық білім беру басқармасы мен бөлімі, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Атырау облыстық филиалының өкілдері және Атырау университетінің профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты.
Аймақтық форумның мақсаты, міндеттері туралы «Біздің басты мақсатымыз – сіздердің қаржылық сауаттылықтарыңызды арттыру, алаяқтық схемаларынан қалай сақтану керектігін үйрету. Бүгінгі форумда баяндамашылар шынайы өмірде кездескен тәжірибелерімен мысалдар келтіре отырып, қазіргі таңдағы алаяқтық схемаларын түсіндіретін болады», - деді Атырау облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Балнұр Есенгельдинов.
Атырау облысының экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының басшысы Ердос Молдабеков форум барысында қаржылық алаяқтықтың түрлері мен олардан қорғану жолдары туралы баяндама жасаса, Атырау университеті бизнес-процестерінің есебі, аудиті және талдауы білім бағдарламасының 3-курс студенті Гүлжанат Елемес қаржы пирамидалары және оның белгілеріне тереңірек тоқталды.
«Қаржы пирамидасы – жаңа қатысушылардың салымдары арқылы бұрын қосылған салымшыларға төлем жасайтын алаяқтық жүйесі. Қаржы пирамидаларының өзіне тән бірнеше белгілері бар, атап айтқанда, аса жоғары және жылдам пайдаға уәде беру, жүйеге жаңа қатысушыларды тарту қажеттілігі, заңды құжаттардың және лицензияларының болмауы, жүйенің жабықтығы және қаржылық ағынның түсініксіздігі, классикалық алаяқтық жүйелерінің қолданылуы, ұйым өте агрессивті жарнаманы қолдануы, мемлекеттің ресми ақпарат көздерінде күдікті компаниялар қатарында болуы, адамдарды жүйеге қосылуға асықтыру, ақпараттың атүсті берілуі, заңдық тұрғыда дұрыс рәсімделмеген, «жалған» келісімшарттардың болуы»,- деді студент Гүлжанат Елемес.
Форумда «Қаржылық алаяқтар схемалары» атты бейне қойылым көрсетілді. «SAF» студенттер театрының «Қаржылық пирамида» сахналық көрінісі мен «Ұстаз» мектебі оқушылары мен экономика және құқық факультеті студенттерінің «Пирамида - алдау! Алаяққа - жол жоқ! «Заң мен тәртіп» қағидасын қолдаймыз!» мәтініндегі ұраны көрерменнің назарын ерекше аударды.
Аймақтық форум соңында қатысушылар сұрақ қойып, пікір алмасты.