Media Image

7 сәуір 2025

Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Ғылым декадасы ресми түрде басталды. Ғылым апталығының алғашқы шарасы «Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 
12 сәуір - ғылым қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылған шараға Қазақстанмен қатар, АҚШ, Франция, Ресей, Беларусь және Ирландия елдерінен жас зерттеушілер қатысты. Пленарлық отырыстың алғы сөзінде «бұл конференция – жас зерттеушілердің ғылыми ізденістерін таныстырып, жаңа идеяларымен бөлісетін маңызды алаң. Қазіргі таңда университетіміздің жас ғалымдары түрлі стартап жобаларға белсенді қатысып, университетішілік және республикалық деңгейдегі ғылыми байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Олардың тың идеялары қаржыландыруға ие болып, жүзеге асырылуда. Бұл – біздің университетімізде ғылымға деген қолдаудың жылдан-жылға артып келе жатқанының жарқын дәлелі»,- деді университет ректоры Саламат Идрисов.
Шара аясында Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында жүлдегер атанған студенттер марапатталды. Оларға ақшалай сыйақы мен дипломдар табысталып, ғылыми жетекшілері алғыс хатпен марапатталды. Жеңімпаздардың қатарында қолданбалы математика, физика, стандарттау, биология, педагогика және психология, тіл білімі бағыттары бойынша оқитын студенттер бар.
Пленарлық мәжілісте АҚШ-тың Иллинойс университетінен PhD доктор, зерттеуші Салтанат Тлеубердиева, Блюфилд мемлекеттік университетінен PhD доктор Айнұр Кенжетаева, Ирландияның Тринити колледжінен постдокторант Қуаныш Жүсіпбеков, Францияның Пуатье университетінен магистрант Салтанат Кияшева өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды. Сонымен қатар Ресей мемлекетінен доцент Мерген Босхомджиева, доцент Рамиле Баширзаде, Беларусь мемлекетінен экономика магистрі Александр Соколов және Атырау университетінен Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, PhD доктор Мейрамгүл Мұхамбетова және 3-курс студенті Айкүн Мұхит  сынды қатысушылар өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар жасады.
АҚШ-тың Иллинойс университетінің білім алушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы баяндамасында «Fiddler Innovation Fellowship стипендиясы Иллинойс штаты Урбана Шампейн қаласындағы университеттің бакалавриат және магистратура студенттеріне мәдени, қоғамдық немесе жаһандық мәселелерді шешуде шығармашылық, өнер немесе дизайн мен технологияларды біріктіретін пәнаралық жаңашыл шешімдер ұсынғаны үшін беріледі. Ал Иллинойс инновациялар сыйлығын Грейнджер Инженерия Колледжі Технологиялық Кәсіпкерлік Орталығы арқылы табыстайды. 2007 жылдан бері бұл сыйлық шеңберінде жаңашыл студенттерге жалпы 450 000 АҚШ доллары көлемінде марапат берілген»,- деді PhD доктор, зерттеуші Салтанат Тлеубердиева.
Конференцияда IT, бұлттық технологиялар, кәсіпкерлік, академиялық ұтқырлық, экономикалық қауіпсіздік және заманауи технологияларға арналған материалдарды зерттеу сынды мәселелер кеңінен талқыланды. 
Конференция соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс білдіріп, ғылым саласындағы ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді. Конференция жұмысы бірнеше секциялық отырыстармен жалғасып жатыр:
1.    Қазіргі әлемдегі көптілді білім беру: тәжірибесі мен болашағы;
2.    Физика-математика ғылымдары мен АКТ-ның заманауи мәселелері;
3.    Заманауи гуманитарлық ғылымдар және өнер дамуындағы жастар;
4.    Жұмысшы кәсіптері-экономикалық өсу мен дамудың драйверлері;
5.    Адам құқығын қорғау – құқықтық және әділ мемлекет құрудың кепілі;
6.    Қазіргі білім берудің болашағы: міндеттер мен стратегиялары;
7.    Жаратылыстану ғылымдары: ғылыми көзқарас және болшаққа бағдар.