Media Image

7 қараша 2024

"Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді"

  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Әния Ермағамбетованың «Батыс Қазақстан қалаларының даму тарихы» (ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы) кітабы таныстырылып, ғылыми семинар өтті.
   Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен өткен жиында тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, әрі ғалымның құрбысы Гүлфайруз Қайырғалиқызы құттықтау сөз сөйлеп, ғалымның зерттеулеріне тоқталды. Ғылыми семинарда Атырау облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова: «Әния – ғалымдығынан бөлек, жаны өте ерекше, болмысы нәзік, баршасына болсын деп тұратын, шексіз қамқор, жүрегі тап-таза адам», - деп толғана еске алып, болашақта жас зерттеушілерге арнап «Әния мектебін» ашу туралы ұсынысын айтты.
  Үлкен екі тараудан тұратын монография - еліміздің батыс өңіріндегі қалалардың ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы мәдени даму тарихы, саяси-экономикалық және әлеуметтік факторларын тұтас қамтитын ғылыми жаңалығы мол, кешенді зерттеу ретінде таныстырылды.
  Ғылыми жиында Атырау университетінің ардагерлер Кеңесінің төрағасы,  п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Шахман Нағимов, Атырау облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, Атырау облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова, Ә.Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, т.ғ.к., Эльвира Абланова, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті экология және биогеохимия сынақ зертханасының жетекшісі, х.ғ.к., Зарипа Кунашева, Алматы облысы Жамбыл ауданы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп директоры Тұйғынай Кушенова, ғылым кандидаты, қауымдастырылған профессор Нағима Нажмеденқызы,  магистр, аға оқытушы Гүлфайруз Шакирова, ғалымның ағасы Бисембай Үржімбайұлы,  Д.Қонаев атындағы BINOM SHCOOL мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі, тарих магистрі Шынар Үржімбаева, тарихшы-педагог білім бағдарламасының 2-курс магистранттары  Әділхан Төлен, Марал Булеева сынды етжақындары ыстық естеліктерімен, әсерлі әңгімелерімен бөлісе отырып, мазмұнды баяндамалар жасады.
   Ғылыми іс-шараның соңында тарих ғылымдарының докторы, профессор Лесқали Бердіғожин жиынға қатысушыларға, ғалымның достары мен туыстарына өз ризашылығын білдірді.