Media Image
20.03.2026 14

Көже Fest 2026: Жаңару күні думанға ұласты

Бүгін университет қабырғасында Наурызнама онкүндігі аясында Жаңару күніне орай ұйымдастырылған «Көже Fest» фестивалі кең көлемде аталып өтті.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткен бұл ерекше шара оқу орны ауласын нағыз ұлттық рухқа бөледі. Арнайы тігілген киіз үйлер мен қазақы нақыштағы көріністер көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлап, ата-баба дәстүрінің әсем көрінісін паш етті.

Сонымен қатар мереке аясында қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдер, дәстүрлі нақыштағы бұйымдар мен көркем картиналар көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге халқымыздың бай мәдени мұрасын кеңінен таныстыруға мүмкіндік берілді.

Ұлттық ойындар да ерекше қызығушылыққа ие болды. Қатысушылар гір көтеру, садақ ату, алтыбақан, арқан тартыс секілді дәстүрлі ойындарға белсенді қатысып, мерекелік атмосфераны одан әрі жандандыра түсті.

Мерекелік іс-шараға профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерді қоса алғанда 1000-нан астам адам қатысып, Наурыз мейрамының сәнін арттырды.

«Көже Fest» аясында университеттің 6 факультеті арасында наурыз көжеден сайыс өтіп, арнайы құрылған комиссия үздіктерді анықтады. Нәтижесінде:

🏆 Ең дәмді көже – Көптілді білім беру факультеті
🏆 Ұлттық рухты дәріптеген көже – Инновациялық білім беру факультеті
🏆 Үздік аспаздар ұжымы – Жаратылыстану ғылымдары факультеті
🏆 Ең ерекше идея – Экономика және құқық факультеті
🏆 Үздік таныстыру шеберлігі – Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті
🏆 Көрермен көзайымы – Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті

Айта кетсек, биылғы Наурыз мерекесі «Digital Nauryz» форматында өтуде. Бұл бастама аясында дәстүрлі мерекелік іс-шаралар заманауи технологиялармен үйлестіріліп, жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда.

📷 Дополнительные изображения