«Заманауи білім мен тәрбие берудегі жаңа тенденциялар мен құндылықтар»
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ұлдай Талқашқызы Туленованың 60 жылдық мерейтойына арналған «Заманауи білім мен тәрбие берудегі жаңа тенденциялар мен құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті.
Ғылыми жиынға Қазақстан мен шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары, профессор-оқытушылар құрамы, білім беру саласының мамандары мен жас зерттеушілер қатысты.
Семинардың пленарлық отырысын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов ашып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде білім беру жүйесіндегі ғылыми ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Пленарлық отырыс барысында отандық және шетелдік ғалымдар білім беру саласындағы өзекті мәселелер бойынша баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Коканд университетінің филология кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, PhD Мұхаммаджан Эргашев «Филология саласындағы терминологиялық сөздіктер типологиясының негізгі мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
Коканд университетінің Білім кафедрасының доценті Заравшан Календарова «Бастауыш білім беру жүйесінде инновациялық қызметті ұйымдастыруға ықпал ететін факторлар» тақырыбында сөз сөйлеп, білім беру жүйесіндегі инновациялық үдерістердің маңыздылығына тоқталды.
Ал Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің Жалпы педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Алмажай Егенисова «Кәсіби іс-әрекетте эмоционалды күю және оның алдын алу» тақырыбында баяндама жасап, педагог мамандардың кәсіби қызметіндегі психологиялық тұрақтылық мәселесін көтерді.
Ташкент халықаралық университетінің әлеуметтік ғылымдар және білім кафедрасының профессоры міндетін атқарушы Муборак Адиловна Ганиева «Жасанды интеллекттің білім беру процесіне және этикалық мәселелерге әсері» тақырыбында баяндама жасап, цифрлық технологиялардың білім беру саласына ықпалы туралы ой бөлісті. Сонымен қатар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мектепке дейінгі және бастауыш оқыту» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Гульшат Бахтиярова онлайн форматта қатысып, мерейтой иесіне құттықтау сөз сөйледі.
Семинар барысында қатысушылар білім беру жүйесіндегі инновациялық бағыттар, педагог кадрларды даярлау, сондай-ақ заманауи білім беру үдерісіндегі жаңа әдістер мен құндылықтар туралы пікір алмасты.
Іс-шара барысында педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ұлдай Туленованың ғылым мен білім саласына қосқан үлесі ерекше атап өтілді. Әріптестері мен әртүрлі жоғары оқу орындарының өкілдері ғалымды мерейтойымен құттықтап, оның ғылыми-педагогикалық қызметіне жоғары баға берді.
📷 Дополнительные изображения