Media Image
10.03.2026 13

Алаш қозғалысына арналған халықаралық ғылыми семинар өтті

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Алаш қозғалысы және қазақ мемлекеттілігі: жаңа деректер мен зерттеулер» тақырыбында тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Ахмет Аққали Қабижанұлының 60 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті.

Ғылыми семинарға Қазақстан мен шетелдің жетекші ғалымдары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, зерттеушілер мен студенттер қатысты. Іс-шараны университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов ашып, мерейтой иесінің ғылым мен білім саласындағы еңбегіне тоқталды.

Жиында мерейтой иесіне құттықтау сөз сөйлегендер қатарында Серік Шапкенов атынан Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп Өтегенұлы, Түркиядан Абдуллах Гюндогду (Анкара университетінің профессоры), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессоры Досбол Байғонақов, профессор Алдар Сарсенов құттықтау лебіздерін білдірді.

Жиын барысында мерейтой иесі Аққали Қабижанұлына университет ректоры Саламат Идрисов Ғылыми кеңестің шешімімен Х. Досмұхамедов атындағы төсбелгіні табыстады. Сондай-ақ профессор Қадыр Жүсіп Өтегенұлы ғалымға Каспий қоғамдық академиясы академигі атағын салтанатты түрде тапсырды.

Жиын аясында алаштану, қазақ мемлекеттілігі тарихы, ұлттық жаңғыру, архив деректерін зерттеу мәселелеріне арналған ғылыми баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, Түркиядағы қазақ ұлттық жаңғыруы мен алаштану мәселелері, Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеудің жаңа бағыттары, Ресейдегі Азамат соғысы кезіндегі «Алаш» қозғалысының рөлі, ХХ ғасырдың 20–30 жылдарындағы қазақ зиялыларының ағартушылық қызметі секілді тақырыптар талқыланды.

Сонымен қатар семинар барысында ғалымның ғылыми-педагогикалық қызметі мен еңбектері туралы бейнефильм көрсетіліп, қатысушылар пікір алмасып, ғылыми ұсыныстарын білдірді.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар мен қатысушылар мерейтой иесіне шығармашылық табыс тілеп, ғылыми семинар қорытындыланды.

📷 Дополнительные изображения