Атырау облысының прокуроры студенттермен кездесті
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Атырау облысының прокуроры Мадияр Басшыбаевтың ІТ мамандығы студенттерімен кездесуі ұйымдастырылды.
Кездесуге Атырау университетінің ІТ, заң және құқық саласындағы білім алушылары, профессор-оқытушылар және Атырау облыстық прокуратурасының қызметкерлері қатысты.
Басшыбаев Мадияр Бекенұлы - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2000 жылдан бастап Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында қызмет атқарып келеді. 2025 жылдың 29 қыркүйегінен бастап – Атырау облысының прокуроры.
Жиын барысында университет ректоры Саламат Идрисов оқу орнындағы ІТ бағыты бойынша жетістіктерге тоқталып, жасанды интеллект саласындағы зерттеулер, «Aisana» жобасы және ІТ студенттері үшін жаңа құқық саласымен кіріктірілген білім беру бағдарламасын енгізу жоспарлары туралы ақпарат берді.
Кездесуде облыс прокуроры қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударып, сталкинг, есірткі қылмысы, киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында ІТ мамандығы студенттері құқық қорғау саласына қатысты өз жобаларын таныстырды. Атап айтқанда, «KolikHub», «пробациялық бақылаудағы тұлғаларды сәйкестендіруге арналған Face ID технологиясы», «ЕРНС – Бірыңғай реестр қадағалау сигналдары», «Интеллектуалдық жүйе: мемлекеттік сатып алуларды талдау», «RESTART: әлеуметтік қолдау жобасы» және «PsyConnect: Junior & Family» жобалары ұсынылды. Аталған жобалар Мадияр Бекенұлы тарапынан қолдауға ие болды.
Кездесу ашық форматта өтіп, студенттер көкейдегі сұрақтарын қойып, құқық қорғау саласы мен ІТ бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
📷 Дополнительные изображения