«Уақыт және қаламгер»: ақын Маржан Ершумен қонақ дәріс өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу студенттермен кездесіп, «Уақыт және қаламгер» тақырыбында қонақ дәріс өткізді.
Ұлттың тілі мен әдебиетін терең меңгерген қаламгер өз шығармашылығын поэзиямен қатар драматургия, проза, аударма және сатира салаларында да дамытып келеді. Атырау жастарына ақынның «Дариға ғұмыр, жыр-жүрек», «Таңғы шық», «Өлке», «Жапырақ ғұмыр», «Қоңыр», «Шырақ», «Пырақ» жинақтары жақсы таныс.
Қонақ дәрістің алғашқы бөлімінде ақын шығармашылық жолына тоқталып, әдебиеттегі ізденістерімен бөлісті. Екінші бөлімінде өлеңдерін оқып, олардың жазылу тарихын әңгімеледі. Студенттер өз сұрақтарын қойып, ақынмен еркін пікір алмасты. Сондай-ақ білім алушылар ақын өлеңдерін жатқа оқып, әсерлі кездесу рухани кешке ұласты.
Еркін форматта өткен тағылымды шара соңында Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисовтың Алғыс хаты мен гүл шоғы табысталды.
📷 Дополнительные изображения