"Атырау" газеті: Жеке қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік: Атырауда маңызды кездесу өтті
Сталкинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – құқық қорғау саласындағы басым бағыттардың бірі. Жастардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Осы мақсатта Х.Досмұхамедов атвндағы Атырау университетінің базасында «Сталкингті тоқтат. Қауіпсіз қоғамға бірге қадам» тақырыбында ауқымды форум өтті.
Іс-шараны Атырау қалалық полиция басқармасы ұйымдастырды. Форумға қала әкімінің орынбасары, облыстық полиция департаменті мен қалалық полиция басқармасының басшылығы, оқытушылар және 300-ден астам студент қатысты.
Кездесу барысында сталкингтің қоғамға төндіретін қаупі, жасөспірімдер мен жастарға қатысты құқықтық қорғау тетіктері, сондай-ақ заңнама талаптары кеңінен талқыланды. Айта кетейік, 2025 жылғы 16 шілдеден бастап сталкингке қатысты жаңа заң күшіне енді. Бұл құжат азаматтардың жеке өміріне қол сұғушылықтың алдын алуға және құқық бұзушылықтарға нақты тосқауыл қоюға бағытталған.
Форумда полиция қызметкерлері тіркелген өтініштер мен қабылданған шараларға тоқталып, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар қорғау нұсқамаларын шығару тәртібі, профилактикалық жұмыстар мен құқықтық кеңес беру мәселелері қозғалды.
Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Полиция өкілдері күмәнді немесе қауіпті жағдайларда дереу құқық қорғау органдарына хабарласудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
https://atr.kz/qogam/zheke-qauipsizdik-ortaq-zhauapkershilik-atyrauda-manyzdy-kezdesu-otti/