Media Image
04.02.2026 8

"Atyrau" newspaper: Constitutional reform and the strategic role of science

Қазіргі кезеңде ғылым тек академиялық орта шеңберіндегі қызмет саласы емес, мемлекеттің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін жүйе құраушы факторға айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформа — ғылым мен білімнің ел дамуының ұзақ мерзімді басымдықтары ретінде институционалдық деңгейде бекітілуінің айқын көрінісі.

Жаңа Конституция жобасында адам капиталының дамуы мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде танылуы ғылыми-технологиялық прогрестің қоғам өміріндегі шешуші рөлін мойындаумен тікелей байланысты. Бұл қағида білім беру мен ғылыми зерттеулерді экономикалық өсудің, ұлттық қауіпсіздіктің және өңірлік тұрақтылықтың негізі ретінде қарастыратын заманауи әлемдік үрдістермен толық үндеседі.
Осы контексте университеттердің миссиясы айтарлықтай кеңейеді. Жоғары оқу орындары тек білім беру институттары ғана емес, ғылыми білімді өндіретін, оны тәжірибеге енгізетін және нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағыттайтын орталықтар ретінде әрекет етуі тиіс. Әсіресе өңірлік университеттер үшін бұл жауапкершілік еселене түседі: олар аймақтың экологиялық, аграрлық, өндірістік және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып, қолданбалы ғылыми шешімдер ұсынуға міндетті.
Конституциялық реформаның ғылым саласына қатысты тағы бір маңызды қыры — ғылым мен мемлекеттің өзара жауапкершілік қағидасының нығаюы. Мемлекет тарапынан ғылыми қызметке қолдау мен сенім артса, университеттер мен ғылыми ұйымдар зерттеу нәтижелерінің сапасы, олардың практикалық қайтарымы және кадр даярлаудың тиімділігі үшін жоғары жауапкершілік алуы қажет.
Осылайша, жаңа Конституция ғылымды дамытудың құқықтық негізін ғана қалыптастырып қоймай, университеттерге елдің ғылыми-технологиялық болашағын қалыптастырудағы шешуші рөлін айқындайды. Бұл — ғылымды формальды көрсеткіштер деңгейінде емес, қоғам мен экономиканың нақты қажеттіліктеріне қызмет ететін стратегиялық ресурс ретінде дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді бағдар.

Кансұлу ӨТЕПҚАЛИЕВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры

https://atr.kz/kozqaras/konstituciialyq-reforma-zhane-gylymnyn-strategiialyq-roli/