Media resources
ТӘЛІМГЕРМЕН БАСТАЛҒАН ТАҒЫЛЫМ – ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛДЫҢ БАСТАУЫ
News

ТӘЛІМГЕРМЕН БАСТАЛҒАН ТАҒЫЛЫМ – ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛДЫҢ БАСТАУЫ

Болашақ педагогтің кәсіби қалыптасуы университетімізден алған теориялық білімін нақты білім беру ортасында тәжірибемен ұштастыру, педагогикалық үдерісті ұйымдастыру және кәсіби міндеттерді іс жүзінде меңгеру арқылы жүзеге асады.

Осы орайда жүзеге асырылып келе жатқан «PROF қадам: тәлімгерлік және кураторлық» жобасы болашақ педагогтердің кәсіби даярлығын жетілдіруге бағытталған маңызды бастамалардың бірегейі.

Жоба аясында 4-курс студенттері жалпы білім беретін мектептердің оқу-тәрбие үдерісіне қатысып, тәлімгерлік және кураторлық қызметті жүзеге асырып, оқушылармен тікелей педагогикалық жұмыс жүргізуде. Мұндай тәжірибе студенттердің кәсіби ортаға бейімделуіне және болашақ мамандығына қажетті кәсіби дағдыларын дамытуына мүмкіндік береді.

Жобаның жүзеге жүйелі асырылу барысы мен нәтижелері тәлім алушылардың пікірлері арқылы айқын көрініс табады.

Атап айтар болсақ, Д. Қонаев атындағы Binom School мектеп-лицейіндегі тәлім алушы «6В01501 – Математика пәнінің мұғалімі» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Даулетияр Балнұр өз әсерімен бөлісті: «Әр сабақтан өзіме қажетті тәжірибе алып, жаңа нәрселер үйреніп келемін. Осындай тәжірибенің болашақ мамандығым үшін берері мол деп ойлаймын».

Қалалық №51 мектепте тәлімгерлік жобадан өтіп жүрген «6В01301 – Бастауыш білім беру деңгейінің педагогы» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Жеткізгенқызы Райхан да жоба аясында жинақтаған тәжірибесінің маңыздылығын атап өтті: «.... Мектептің тәртібіне үйренісіп, ұжыммен және оқушылармен жақсы тіл табысып кеттім. Оқушылармен қарым-қатынас орнату, күнделікті сабақ барысына қатысу және сабақ өткізу мен үшін қызықты әрі пайдалы тәжірибе».

Сонымен қатар тәлім алушыларымыз Жумагалиева Айымгуль, Ақылбек Дильназ, Жетпіс Әдемі, Ермешова Диана, Нұрнияз Айбар, Кадимова Нұржауған, Ирисбай Зульфия, Талап Дияр, Серікұлы Алпамыс және Аманова Құралай белсенді қатысып, тәлімгерлік барысында жинақтаған тәжірибелерімен бөлісіп, мазмұнды кері байланыстарын ұсынды.

Тәлім алушылардың пікірлері жобаның маңызын және оның болашақ педагогтердің мамандыққа бейімделуіне әсер еткен оң ықпалын көрсетеді. Мектеп базасынан жинақталған тәжірибе студенттерге педагогикалық қызметтің қыр-сырын меңгеруге, кәсіби жауапкершілікті сезінуге және болашақ маман ретіндегі кәсіби мүмкіндіктерін бағалауға жол ашады.

«PROF қадам: Тәлімгерлік және кураторлық» жобасы – жоғары оқу орны мен мектеп арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, болашақ педагогтердің практикалық даярлығын жетілдіруге және олардың кәсіби қалыптасуына бағытталған сәтті бастама.