Media resources
АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
News

АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

2026 жылғы 11–12 қарашада Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «EduPractice: Білім. Тәжірибе. Нәтиже» атты кездесу-семинар өтті. Құзыреттер және мансапты жоспарлау кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен шараға педагогикалық білім беру бағдарламаларының 3-курс студенттері мен практика жетекшілері қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты – болашақ педагогтерді алдағы өндірістік-педагогикалық практикаға дайындау, дуальды оқыту жүйесінің мүмкіндіктерін таныстыру және студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту.

Екі күнге созылған шара барысында қатысушылар педагогикалық практиканы ұйымдастыру тәртібі, әдістемелік дайындық және мектеп жағдайында кәсіби тәжірибе жинақтау мәселелерін талқылады.

Университеттің вице-проректоры Жанар Сулейменова педагогикалық практиканы ұйымдастыру қағидалары мен дуальды оқыту талаптарын түсіндіріп, қажетті құжаттарды рәсімдеу және қорытынды есепті дайындау тәртібіне тоқталды.

Біліктілікті арттыру және қайта даярлау кеңсесінің жетекшісі  Гүлжан Нұрсұлтанова «Болашақ мұғалімнің әдістемелік қоржыны: оқушыны тиімді оқыту тәсілдері» тақырыбында баяндама жасап, заманауи сабақ құрылымы мен тиімді оқыту әдістері жөнінде ақпарат берді.

Д. Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, педагог-шебер Айнұр Мұстафина мектептегі педагогикалық практиканың ерекшеліктеріне тоқталып, жас мамандардың білім беру ортасына бейімделуі және кәсіби қызметке дайындалуы бойынша тәжірибесімен бөлісті.

Құзыреттер және мансапты жоспарлау кеңсесінің жетекшісі Бахытгуль Джунусова семинарда қозғалған негізгі мәселелерді қорытындылап, дуальды оқыту жүйесіне қызығушылық танытқан студенттерге қажетті ақпарат ұсынды.

Кездесу соңында ашық микрофон форматында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, студенттер дуальды оқытуға ауысу шарттары, педагогикалық практика және кәсіби дайындыққа қатысты сауалдарына жауап алды.

Аталған семинар болашақ мұғалімдердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және университет пен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.