Media resources
10 ҚАРАША – БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ДАМУ ҮШІН ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҒЫЛЫМ КҮНІ
News

10 ҚАРАША – БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ДАМУ ҮШІН ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҒЫЛЫМ КҮНІ

Ғылым дамыса – қоғам дамиды, ғылым өркендесе – болашақ кемелденеді дегендей, ғылым – өркениеттің қозғаушы күші, қоғам дамуының негізі және адамзаттың бейбіт әрі жарқын болашағына бастайтын маңызды құндылықтардың бірі.

Бұл күннің басты мақсаты – ғылымның қоғам өміріндегі маңызын насихаттау, ғылыми жетістіктердің адамзат игілігіне қызмет етуіне назар аудару және ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайту.

Бүгінде ғылым:

  • Жаңа мүмкіндіктер мен инновацияларға жол ашады;
  • Қоршаған ортаны қорғауға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға көмектеседі;
  • Медицина мен білім беру саласының дамуына ықпал етеді;
  • Әлемдік мәселелерді шешуге және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге үлес қосады;
  • Бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтуға қызмет етеді.

2026 жылы Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде бекітілген жоспарға сәйкес ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға, ғылыми әлеуетті арттыруға және ғылыми нәтижелерді кеңінен насихаттауға бағытталған бірқатар ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілді. Атап айтқанда, халықаралық, республикалық, аймақтық және студенттік ғылыми-тәжірибелік конференциялар - 12; ғылыми-әдістемелік семинарлар, ғылыми форумдар мен симпозиумдар - 23; дөңгелек үстелдер - 21; Science Café  форматындағы ғылыми-танымдық кездесулер - 20 және ғылыми мектептер шаралары - 15. Сонымен қатар Атырау университетінде ғылыми жобалар арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударылып, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру жақсы жолға қойылған. Ғылыми жобаның басты маңызы – адамның ізденіс қабілетін арттырып, өз бетінше ой қорытуға, мәселені терең зерттеуге және нақты шешім ұсынуға үйретуінде. Ол теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, жаңа көзқарас пен шығармашылық ойлауды қалыптастырады. Ғылымның түрлі саласындағы жаңашыл идеялар мен зерттеу нәтижелері елдің ғылыми әлеуетін арттырып, әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.

2026 жылы Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Жас ғалым» жобасы бойынша гранттық қаржыландыру - 4,  ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру - 3, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру - 2, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру - 1, университетішілік - 8 және Атырау қаласының прокуратурасымен бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асуда.

Ғылымға салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Ал білімге құштар, ізденімпаз ұрпақ – елдің ең үлкен байлығы екенін ескерсек, аталған іс-шаралар білім алушылар мен жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыруға, ғылыми тәжірибе алмасуға, академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетін дамытуға ықпал етті.

Атырау университетінде ғылыми және шығармашылық еңбектің, зияткерлік меншіктің нәтижесін заң жүзінде қорғауға арналған маңызды құжаттар болып табылатын ғылым саласындағы авторлық куәлік пен патенттердің иелері бар. 2026 жылдың қорытындысы бойынша Атырау университетінің ғалымдары 28 авторлық куәлік пен 15 патентке ие.

Атырау университеті Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, PhD Рахметов Максот Елеусізұлы ғылым және білім саласындағы жетістіктері мен жоғары Хирш индексі, Scopus, Web of Science деректер базасындағы  өзекті ғылыми мақалаларын ескере отырып, жоғары көрсеткішпен ресми түрде ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдары Президиум мүшесі болып тағайындалғаны да оу орны үшін зор мәртебе.

      Сонымен қатар Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті КеАҚ базасында 2026 жылы 5 білім бағдарламалары бойынша базалық ЖОО саналып, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының студенттері арасында жыл сайынғы республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауын ұйымдастырды.

Осы айтулы күнде барша ғалымдарды, зерттеушілерді, жас ғалымдар мен ғылым жолындағы ізденушілерді мерекемен құттықтаймыз!

Еңбектеріңіз жемісті, жаңалықтарыңыз жарқын, ізденістеріңіз нәтижелі болсын! Ғылым адамзат игілігіне қызмет етіп, әлемде бейбітшілік пен тұрақты даму салтанат құрсын!

 

Ғылым департаменті