Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов университет студенті, пара дзюдодан әлем чемпионы Альфия Тілекқабыл мен оның бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жандос Қияновты қабылдады.
Ректор Саламат Идрисов өз сөзінде Альфияның жеңісі табандылықтың, еңбектің және биік мақсатқа деген ұмтылыстың жарқын үлгісі екенін айтты. Сондай-ақ спортшының жетістігі университет қауымдастығы үшін үлкен мақтаныш екенін жеткізіп, оның алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. Жеңістің артында бапкердің тынымсыз еңбегі мен кәсіби шеберлігі тұрғанын атап өтіп, Жандос Қияновқа талантты спортшыны даярлағаны үшін алғысын білдірді.
Альфия Тілекқабыл – Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің студенті, пара дзюдодан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол J1 санатында ел намысын халықаралық деңгейде абыроймен қорғап жүрген жетекші спортшылардың бірі.
2026 жылдың қыркүйегінде Грузияның Тбилиси қаласында өткен әлем чемпионатында Альфия 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп, әлем чемпионы атанды. Финалдық белдесуде ол Бразилия спортшысы Де Андрадені иппон әдісімен жеңді.
Сонымен қатар 18–24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өткен V Пара Азия ойындарында Альфия Тілекқабыл қола медаль иеленді. Азияның 18 елінен 129 спортшы қатысқан додада ол пара дзюдодан J1 санаты бойынша 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қола жүлде үшін өткен шешуші белдесуде Қырғызстан өкілінен басым түсіп, Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті медальді салды.
Кездесу соңында Альфия Тілекқабыл мен Жандос Қиянов көрсетілген қолдау мен құрмет үшін университет басшылығына алғыстарын білдірді. Альфияның жеңісі – қайсар мінездің, үздіксіз дайындық пен бапкерлік еңбектің жарқын нәтижесі.