Media resources
Ы. АЛТЫНСАРИННІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАРЫНЫҢ ЖАҢАШЫЛ БІЛІМ БЕРУДЕГІ МАҢЫЗЫ
News

Ы. АЛТЫНСАРИННІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАРЫНЫҢ ЖАҢАШЫЛ БІЛІМ БЕРУДЕГІ МАҢЫЗЫ

2026 жылғы 23 қазанда Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Инновациялық білім беру факультеті, Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ағартушы-педагогі, жазушы, этнограф және фольклортанушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған «Ы. Алтынсариннің педагогикалық идеяларының жаңашыл білім берудегі маңызы» атты ғылыми семинар өтті.

Ғылыми семинардың негізгі мақсаты – Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан зерделеу, оның ағартушылық идеяларының қазіргі білім беру жүйесіндегі сабақтастығын айқындау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және бастауыш білім беру тәжірибесінде тиімді қолдану жолдарын талқылау.

Семинардың ашылуында Инновациялық білім беру факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы Ақмарал Өтепбергенқызы Мұханбетжанова алғы сөз сөйлеп, Ыбырай Алтынсариннің қазақ даласында білім беру ісін дамытуға қосқан тарихи үлесіне тоқталды. Сонымен қатар ағартушының педагогикалық идеяларының қазіргі білім беру жүйесі үшін маңыздылығын атап өтті.

Ғылыми семинар барысында жоғары оқу орнының оқытушылары мен жалпы білім беретін мектептердің педагогтері Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметі, педагогикалық мұрасы және оның идеяларын заманауи білім беру үдерісінде жүзеге асыру мәселелері бойынша мазмұнды баяндамалар жасады.

Атап айтқанда, Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының аға оқытушысы, магистр Мусина Айнұр Асхатқызы «Ы. Алтынсариннің педагогикалық идеялары және қазіргі жаңашыл білім беру» тақырыбында баяндама жасап, ағартушының педагогикалық мұрасының қазіргі білім беру жүйесіндегі өзектілігін жан-жақты талдады. Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық идеяларын заманауи оқыту технологияларымен ұштастырудың, оқушылардың білімге қызығушылығын арттырудың және олардың дербес ойлау, шығармашылық іздену, өмірлік дағдыларын қалыптастырудың маңызын атап өтті. Ағартушы мұрасының қазіргі білім беру мазмұнын жаңартудағы, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сабақтастықта меңгертудегі маңызы тұжырымдалды.

«Каспий Binom School» мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-модератор Шолпан Қасымқызы «Ы. Алтынсарин – қазақ педагогикасының негізін қалаушы: ағартушылық идеяларының тарихи маңызы» тақырыбында ой қозғап, оның ұлттық педагогика тарихындағы орнын ашып көрсетті.

«SilkWay мектеп-лицейі» ЖШС директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Бисенкулова Әсел Қабиловна «Ы. Алтынсариннің педагогикалық мұрасы және қазіргі білім беру парадигмасы» тақырыбында баяндама ұсынып, классикалық педагогикалық идеялардың қазіргі білім беру талаптарымен үйлесімділігін талдады.

Әл-Фараби атындағы Binom School мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Қабдулхамитова Нұрдария Сұлтанбекқызы «Ы. Алтынсариннің шығармаларындағы бастауыш білім берудегі тәрбиелік әлеуеті» тақырыбында баяндама жасап, тақырыбын талқылап, көркем шығармалардың оқушылардың тұлғалық дамуы мен тәрбиесіне ықпалын қарастырды.

Т. Амандосов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-модератор Ақдаулетова Айымгүл Орынбекқызы «Ы. Алтынсарин шығармаларындағы ұлттық құндылықтар» ағартушы шығармаларының жас ұрпақтың адамгершілік қасиеттерін, ұлттық дүниетанымы мен рухани мәдениетін қалыптастырудағы тәрбиелік маңызына тоқталды.

Д. Қонаев атындағы Binom School мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер Мустафина Айнұр Еркінқызы «Ы. Алтынсарин және бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығы» тақырыбында баяндама жасап, ағартушы шығармаларын оқу сауаттылығын дамытуда пайдаланудың әдістемелік мүмкіндіктерін саралады.

Д. Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-модератор Тлеген Әлия Икенбайқызы «Ы. Алтынсарин шығармаларын цифрлық білім беру ресурстары арқылы оқыту» тақырыбында баяндама ұсынып, ағартушы мұрасын цифрлық технологиялар көмегімен меңгертудің өзекті бағыттарын таныстырып, өз тәжірибесімен бөлісті.

Баяндамалар барысында Ыбырай Алтынсариннің білімге шақыру, еңбекке баулу, адамгершілікке тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды сақтау және жас ұрпақтың танымдық қабілетін дамыту жөніндегі идеяларының қазіргі білім беру кеңістігіндегі маңызы жан-жақты талқыланды. Әсіресе ағартушы шығармаларын бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығын жетілдіру, тәрбиелік әлеуетін арттыру және цифрлық білім беру ресурстарымен ұштастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді. Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Туленова Ұлдай Талқашқызы ғылыми семинарды қорытындылап, баяндамашыларға, қатысушыларға және ұйымдастыруға атсалысқан әріптестерге алғысын білдірді. Ол Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, оның идеяларын қазіргі білім беру тәжірибесіне енгізу және ұлттық тәрбие мәселелерін жүйелі зерттеудің маңызын атап өтті.

Сондай-ақ Инновациялық білім беру факультеті деканының стратегиялық даму және ғылым жөніндегі орынбасары, PhD Мугауина Гүлбарам Олжағалиқызы семинар жұмысына талдау жасап, өз пікірін білдірді. Ол ғылыми басқосудың мазмұндық маңызын атап өтіп, семинарды ұйымдастырған Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Туленова Ұлдай Талқашқызына алғысын білдірді.

Ғылыми семинар Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасын жаңаша пайымдауға, оның ағартушылық идеяларының бүгінгі білім беру жүйесіндегі өзектілігін айқындауға және жоғары оқу орны мен мектеп арасындағы ғылыми-әдістемелік ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.