Бүгін Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Мемлекеттік қызметке жаңа қадам» тақырыбында бітіруші курс студенттерімен кездесу өтті. Республика күні қарсаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған жүздесуде жастарға мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі мен кәсіби даму мүмкіндіктері таныстырылды.
Кездесуді университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов ашып, қатысушыларды алдағы ұлттық мерекемен құттықтады. Ол университет пен департамент арасындағы әріптестік жастарды мемлекеттік қызметке даярлауға, алған білімін тәжірибемен ұштастыруға жол ашып отырғанын жеткізді.
Университетте 2018 жылы басталған «Мемлекеттік қызмет мектебі» жобасы - осы ынтымақтастықтың нәтижесі. Мектеп аясында студенттер мемлекеттік басқару жүйесімен танысып, құжаттармен жұмыс істеуді, қызметтік әдеп талаптарын және азаматтармен қарым-қатынас жасау тәртібін меңгереді. Бүгінде жобаны аяқтаған 56 түлек мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүр.
«Сегіз жыл ішінде “Мемлекеттік қызмет мектебі” өзінің өміршеңдігін және қажеттілігін дәлелдеді. Мектеп аясында студенттер мемлекеттік органдардың қызметімен танысып, мемлекеттік қызметшілердің міндеттері, қызметтік әдеп, құжаттармен жұмыс істеу және азаматтармен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы білім алады. Бұл олардың жауапкершілігін арттырып, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына ықпал етеді», — деді Саламат Нұрмұханұлы.
Университет ректоры жобаның жүзеге асуына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Еркебаевқа алғыс білдірді.
Кездесуде Нұрлан Еркебаев мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістерді түсіндіріп, олардың қоғамда жаңа этикалық мәдениет қалыптастырумен сабақтастығына тоқталды. Ол «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» бастамаларының ортақ құндылықтары жастардың азаматтық ұстанымы мен күнделікті ісінен көрініс табуы қажет екенін жеткізді.
«Еліміздегі өзгерістер “Адал азамат”, “Заң мен тәртіп”, “Таза Қазақстан” бастамаларымен үндесіп, қоғамда жаңа этикалық мәдениет қалыптастыруға бағытталған. Бұл өзгерістердің бастауында жастар тұратыны сөзсіз. Өйткені еліміздің болашағы - жастар. Осы жерде отырған әрбір жас азамат -еліміздің одан әрі дамуына үлес қосатын тұлға», — деді Нұрлан Еркебаев.
Департамент басшысы университеттің көптеген түлегі өмірден өз орнын тауып, түрлі салада еңбек етіп жүргенін де айтты. Жастарға мемлекеттік қызметке қойылатын негізгі талаптар, қызметке кіру тәртібі және мансаптық мүмкіндіктер жөнінде ақпарат берді.
Департаменттің Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Анаргүл Ерғара Tulek порталын таныстырып, мемлекеттік қызметке кіру тәртібіндегі жаңашылдықтарды түсіндірді.
Іс-шара соңында студенттер мамандарға сұрақтарын қойып, жауап алды. Кездесу бітіруші жастарға болашақ кәсібіне қойылатын талаптарды түсінуге, мемлекеттік қызметтегі мүмкіндіктермен танысып, еңбек жолын жоспарлауға бағыт берді.