Media resources
ШЕТЕЛДІК ПРОФЕССОР ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР ӨТКІЗДІ
News

ШЕТЕЛДІК ПРОФЕССОР ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР ӨТКІЗДІ

 

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Индонезиядағы Айрлангга университетінің доценті, PhD доктор Мухаммад Саудтың қатысуымен «Нетнография: онлайн-зерттеудің заманауи әдісі» тақырыбында ғылыми семинар өтті.
Семинардың ашылуында университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Бақыт Алтынбасов сөз сөйлеп, шетелдік ғалымдардың қатысуымен өтетін ғылыми іс-шаралардың зерттеушілер мен білім алушылар үшін маңызын атап өтті. Сондай-ақ мұндай кездесулер халықаралық ғылыми байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеулерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Ғылыми семинар барысында доктор Мухаммад Сауд нетнография әдісіне арналған презентацияны таныстырды. Ғалым интернет кеңістігіндегі қауымдастықтарды, әлеуметтік желілердегі коммуникацияны, адамдардың мінез-құлқы мен цифрлық мәдениетін зерттеуге мүмкіндік беретін бұл тәсілдің ерекшеліктерін түсіндірді. Сондай-ақ нетнографиялық зерттеуді ұйымдастыру кезеңдері, деректерді жинау мен талдау жолдары және зерттеу этикасын сақтау мәселелеріне тоқталды.
Кездесуде Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті мен Айрлангга университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері де талқыланды. Атап айтқанда, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, халықаралық зерттеу топтарын құру, ғылыми мақалалар әзірлеу, академиялық тәжірибе алмасу және оқытушылар мен студенттердің ортақ бастамаларын қолдау бағыттары ұсынылды.
Семинар барысында студенттер мен оқытушылар белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Ғалым қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, тақырып аясында пікір алмасып, мазмұнды дискуссия жүргізді.
Доктор Мұхаммад Сауд Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында университетке шақырылды. Ол 2026 жылғы 30 қыркүйек пен 22 қазан аралығында Инновациялық білім беру факультетінде ғылыми-зерттеу және академиялық жұмыстар жүргізуде. Ғалымның негізгі зерттеу бағыттарына әлеуметтану, криминология, әлеуметтік-саяси үдерістер, зерттеу этикасы, жастар мәселелері және жергілікті қауымдастықтармен жұмыс жатады.