Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің студенттері «Сенің бастамаң» волонтерлік гранттық жобасының жеңімпаздары атанды. Байқау Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы мен Атырау облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілді.
Жоба жетекшісі – университеттің Ғылым департаментіне қарасты Қоғамдық келісімді дамыту институтының директоры Қарлығаш Әшірханова.
Грант иегерлері – «Шетел тілі» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері Нұрай Кенжебек, София Шеге және Еділ Хамзеев.
Студенттердің «Speak Up – Жас волонтерлер мектебі» атты жобасы мектеп оқушыларының ағылшын тілінде көпшілік алдында еркін әрі сенімді сөйлеу дағдыларын дамытуға, сондай-ақ олардың волонтерлік қызмет туралы білімін арттыруға бағытталған.
Жоба аясында оқушылардың коммуникативтік қабілеттерін жетілдіру, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру және қоғамдық белсенділігін арттыру көзделген.
Аталған жобаны Атырау қаласындағы «Жайық Бином» мектебінің оқушыларымен бірлесіп жүзеге асыру жоспарлануда.