Media resources
САЙЫН МҰРАТБЕКОВТІҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ ШАРА ӨТТІ
News

САЙЫН МҰРАТБЕКОВТІҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ ШАРА ӨТТІ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде көрнекті жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайын Мұратбековтің туғанына 90 жыл толуына орай «Мынау көркем дүние» атты әдеби шара өтті.

Тағылымды кездесуде қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы таныстырылып, қазақ әдебиетіндегі орны кеңінен сөз болды. Қатысушылар жазушының адамгершілік, адалдық, балалық шақ пен ауыл өмірін шынайы суреттеген шығармаларының көркемдік ерекшеліктеріне тоқталды.

Шара барысында Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының студенттері Сайын Мұратбековтің әйгілі «Жусан иісі» повесінен сахналық үзінді ұсынды. Аян бейнесі арқылы соғыс жылдарындағы балалар тағдыры, сағыныш пен үміт көрерменге әсерлі жеткізілді. Сонымен қатар студенттер қаламгердің әңгімелері мен шығармаларынан үзінділер оқып, әдеби қойылымдар көрсетті.

Кездесуде жазушы шығармаларының украин, беларусь, грузин, армян, әзербайжан, литва және араб тілдеріне аударылып, шетелдік оқырмандарға жол тартқаны да айтылды.

Шара соңында ғылыми кітапхана директоры Зауреш Ибрашева мен PhD, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының сеньор-лекторы Нурасила Атаханова қорытынды сөз сөйлеп, қаламгер мұрасын дәріптеудің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.

Әдеби кеш Сайын Мұратбеков шығармаларының уақыт өткен сайын құндылығы арта түсетінін және оның сыршыл прозасы оқырман жүрегінде мәңгі сақталатынын тағы бір мәрте көрсетті.